Таразда соққыға жығылған 14 жастағы оқушы әлі ауруханада жатыр
Таразда екі баланың арасындағы жанжалдан кейін ауруханаға түскен 14 жастағы оқушы әлі ем қабылдап жатыр. Бұл туралы Құрылтайда ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Ювеналды полиция басқармасының бастығы Асхат Дүйсембеков мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
2 қарашада Тараз қаласында жасөспірімнің реанимацияға түскені туралы ақпарат тараған болатын. Асхат Дүйсембековтің айтуынша, оқиға екі баланың арасындағы жанжалдан кейін болған.
«Екі баланың арасында кикілжің болған. Сол кезде олардың біреуі екіншісіне қол көтерді. Оқиға мектептен тыс жерде болған. Іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Бала әлі күнге дейін ауруханада», – деді ол.
ІІМ өкілі оқушының қазіргі денсаулық жағдайы туралы қосымша мәлімет берген жоқ. Оқиғаның өзге мән-жайы тергеу барысында анықталады.