Тоқаев ҰҚК басшысы ауысқан соң комитетті реформалауды талап етті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа төрағасы Марат Ирменовті таныстырып, оған бірқатар міндет жүктеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Саладағы қызмет тиімділігін арттыру қажет
Президент ұлттық қауіпсіздік органдары жүйесін реформалау, ведомство алдына қойылған мақсаттарға жетудің жаңа тәсілдерін әзірлеп, қызмет тиімділігін арттыру қажеттігіне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен Тәртіп» қағидатының орындалуына, мемлекеттің экономика саласындағы ұлттық мүддесін қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа баса назар аудару керек екенін атап өтті, – делінген Ақорда мәліметінде.
Президент берген тапсырмалар
Президент одан басқа да заң бұзушылықтарға қарсы іс-қимылға мән беру керектігін жеткізді.
Сонымен қатар Президент кадрларды іріктеу тәртібін жетілдіру, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа төнетін қауіптің алдын алу жөнінде тапсырма берді. Басымдыққа ие мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында жемқорлық тәуекелдерін болдырмау жөніндегі профилактикалық шараларды күшейту де назарға алынды.