TOP-1

Медавиация: әуеде адам өмірі үшін күресетін мамандар қалай жұмыс істейді

2026 жылдан 2028 жылға дейін елде медициналық авиацияға бюджеттен 16,5 млрд теңге бөлінеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, биыл Қазақстанда медициналық авиация 1495 рет ұшып, 1543 науқасты тасымалдаған. 2011 жылдан бастап штаты шамамен 60 адамнан құралған отандық медавиация қызметкерлері 44 мың адамның өмірін аман алып қалған. Науқасты әуемен тасымалдау туралы шешім қалай қабылданатынын, санавиация қызметкерінің бір күні қалай өтетінін және борт дайын тұрса да, рейс неге кейінге қалуы мүмкін екенін осы материалда анықтадық.

Қазақстанға медавиация қашан келді

Елде медициналық авиация тарихы осыдан 91 жыл бұрын басталған. 1935 жылы Батыс Қазақстандағы шалғай аймақтардағы науқастарға көмек көрсету үшін алғаш рейс ұшты.

Алғашқы медициналық ұшақ – К3

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында медициналық авиацияның маңызы артты. Кеңестік азаматтық авиация ұшқыштары шамамен 347 мың адамды эвакуациялап, майданға 1700 тонна дәрі-дәрмек жеткізген. Олар науқастарды медициналық-санитариялық батальондардан госпитальдарға, майдан маңындағы госпитальдардан тылдағы емдеу мекемелеріне тасымалдады.

2011 жылы 25 Маусымда өткен Республикалық шұғыл медициналық көмек ғылыми орталығының презентациясы / aviaengineer.ru

Қазақстандағы медициналық авиацияны республикалық деңгейде үйлестіру жүйесі 2011 жылы президент жолдауынан кейін басталды. 2011 жылдың 14 сәуірінде Санитариялық авиация жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы құрылып, 12 шілдеде алғашқы медициналық рейс ұшты.

2019 жылы орталық Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы (әрі қарай ҰШМҮО) болып қайта аталды. 2025 жылдың наурызында Астанада орталықтың көпбейінді ауруханасы ашылды. Кешенде 250 орындық стационар, операция залдары, жеке тікұшақ алаңы мен ұшақжай бар.

Қазақстанда медициналық авиация бастау алған жылдар

Медициналық авиация мамандарының бір күні қалай өтеді

ҰШМҮО-ның медициналық авиация департаментінде диспетчерлер және дәрігер мен фельдшерден құралған бригада тәулік бойы жұмыс істейді. Өңірден науқас туралы хабар түскен сәтте өңірдегі дәрігер, кейін республикалық орталықтың мамандары тез арада науқастың медициналық құжатын тексереді.

Диспетчерлік бөлімде қоңырауға мұқият құлақ түру қажет, себебі тұтқаның ар жағынан айтылғанәр мәлімет құнды. Біз орталыққа барған сәтте Қызылордадан шақырту келіп түсті. Диспетчерлер науқастың жағдайын нақтылап, бригаданы шақырып, алдағы жоспарды пысықтады.

Жоспар құрғаннан кейін дәрігер ұшуға дайындалу үшін ангарға қарай асықты. Біз де соңынан ілестік. Енді медавиация бригадасы дәрі-дәрмек пен керек құралдарын жинап, аэропортқа аттанбақ.

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының медициналық авиация департаментінің басшысы Назигүл Ырымбаева жұмыс реті туралы толығырақ баяндады.

Фотода Назигүл Ырымбаева

«Медициналық авиация ауыр халдегі, шұғыл көмекті қажет ететін науқастарға көмек көрсету үшін жұмылдырылады. Ауылдық жерлерде бейінді маман немесе медициналық құрал-жабдық жетіспеуі мүмкін. Осындай жағдайда науқасқа маманның кеңесі керек пе, ота жасау қажет пе, әлде басқа қаладағы ауруханаға жеткізу керек пе – соны анықтаймыз. Шақырту бойынша аттанған дәрігер науқастың жалпы жағдайы менгемодинамикалық көрсеткіштерін тексереді. Пациенттің жағдайы нашарласа, республикалық орталыққа жеткіземіз.

Ұжымымызда тәулік бойы жұмыс істейтін аға дәрігер мен фельдшер-диспетчер бар. Аға дәрігер құжаттарды қарап, баратын жердің қашықтығына қарай әуе кемесін таңдайды.Кейде ауа райы, техникалық ақау секілді кері ұшуға жол бермейтін жағдайлар болады. Сол кезде мамандар науқастың жағдайын тұрақтандырып, рейсті күтеді.

Санитарлық авиация қызметі арқылы көбінесе балаларға, соның ішінде шала туған және ота қажет ететін нәрестелерге көмек көрсетіледі», – дейді департамент басшысы.

Медициналық авиацияға өтінім түскеннен кейінгі жұмыстың едәуір бөлігі науқастың жолға жарамдылығын бағалауға кетеді. Осы себепті санитарлық рейстің ұзақтығын екі қала арасындағы қашықтықпен есептеу қиын. Борттың ұшып жету уақыты белгілі болғанымен, науқасты тасымалдауға дайындауға қанша уақыт кететіні оның жағдайына байланысты.

«Санавиацияда жұмыс істейтін барлық маман медициналық білімінен бөлек, аэрофизиология бойынша дәріс өтуге тиіс. Мәселен ұшақ салонындағы ауа қысымы төмендегенде, қанға өтетін оттегі мөлшері азаюы мүмкін. Бұл өзгеріс ауыр науқастың жағдайына әсер етуі ықтимал. Сондықтан бригада науқасты ұшуға дайындағанда осы ерекшеліктерді ескеріп, жол бойы оның тынысы мен қанайналымын қадағалайды», – дейді ол.

Департамент басшысының айтуынша, бір күнде шамамен үштен он беске дейін шақырту түседі. Медициналық авиацияның жұмысы жыл сайын жоспарланады. Жоспар бойынша жылына екі мыңнан астам рейс орындалуға тиіс.

Медициналық рейстер неге кешігеді

Кейде науқастар дәрігер мен ұшақ дайын тұрса да шұғыл медициналық көмек ала алмайды, себебі баратын қаладағы әуежай жабық болуы мүмкін. Назигүл Ырымбаеваның айтуынша, Көкшетау, Петропавл, Павлодар, Өскемен және Семей әуежайлары ұшақты белгіленген уақытта ғана қабылдайды. Жұмыс күні аяқталса, медициналық авиация бригадасына да жол жоқ.

«Біздің мамандар да, қабылдаушы жақ та, борт та дайын болып, әуежай істемесе, ешқайда ұша алмаймыз», – дейді департамент басшысы.

Әуежай түнде ұшақ қабылдауы үшін диспетчерлік қызмет жұмыс істеп, ұшу-қону жолағы жарықтандырылуы қажет. Бұған жауапты мамандар да орнында болуға тиіс. Назигүл Ырымбаеваның сөзінше, осының бәрін жұмыс уақытынан тыс қамтамасыз етуге кей әуежайлардың мүмкіндігі жетпейді. Ал жекенің қолына өткен әуежайлардан бұл талаптарды орындауды талап ету қиын.

Департамент басшысы шұғыл медициналық рейстерді қабылдау мәселесін мемлекет деңгейінде реттеу қажет деп санайды. Ол үшін әуежайлардың жабдығын түгендеп, мамандардың кезекшілігін ұйымдастыру керек. Жұмыс уақыты аяқталған соң шұғыл шақырту түссе, әуежайды ашып, ұшақты қабылдаудың жолы алдын ала қарастырылғаны жөн.

«Төтенше жағдайларда ұшу-қону жолағын ашуға мүмкіндік болуы керек. Бір жерде оқыс оқиға, жер сілкінісі немесе су апаты болса, біз ұшып барайық дегеннің өзінде түнде қона алмай қалуымыз мүмкін», – дейді ол.

Редакциясы өңірлік әуежайлардың шұғыл медициналық рейстерді қабылдау мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының Көлік министрлігіне және Құрылтай депутаттарына сауал жолдады.

Ескірген ұшаққа балама бар ма

Фотода ҰШМҮО тікұшағы

Медициналық авиация бөлімі жолға Ан-2 ұшағы немесе тікұшақпен шығады. Науқас саны көп болса немесе арақашықтық алыс болса Bombardier CRJ-200 және Pilatus PC-12 ұшақтары қолданылуы да мүмкін. Әуе кемелері мен экипажды орталықпен келісімшарт жасасқан операторлар береді. Жыл сайын бұл операторлар мемлекеттік сатып алу порталы арқылы ойнатылады. Аталмыш компаниялар қатарында Alaman Air, Dala Air, «Қазавиақұтқару», «Навигатор», «Тараз Жаңа Әлем» бар. Рейсті ұйымдастыруға әуе компанияларының диспетчерлері жауап береді. Ұшқыштар да осы әуе компанияларында жұмыс істейді.

Департамент басшысы Назигүл Ырымбаева қолданыстағы Ан-2 ұшағының ескіргенін айтады.

«Бұл ұшақтардың ескіргенін мойындаймыз. Дегенмен қазір медициналық авиация жұмысына қолайлы балама табылмай отыр. Ұшақтарды белгіленген кестеге сәйкес техникалық тексерістен өткіземіз. Өңірлердегі Ан-2 ұшақтарын алмастыратын әуе кемелері табылса екен дейміз», – деді Назигүл Ырымбаева.

«Науқастардың алғысын естігенде бар уайымымызды ұмытамыз»

Медициналық авиация мамандары күнделікті ұшып қана қоймай, әр науқастың өміріне жауап береді. Бұл күйзеліске толы мамандықты таңдағандар жүрек жұтқан ба? Осындай жауапкершілікті арқалаған мамандарды бұл сала несімен баурайды? Осы сұрақтарға жауап алу үшін медициналық авиацияда 13 жыл жұмыс істейтін Жасұлан Нұрланұлымен әңгімелестік.

Фотода Жасұлан Нұрланұлы

«Медициналық авиацияға әуелден қызығатынмын. Ұшқан сайын түрлі жағдайға тап боласың, тәжірибе жинайсың. Басында қорқыныш пен уайым болды, бірақ уақыт өте келе кез келген тығырықтан шығудың жолын үйренесің.

Әр науқастың жағдайы бөлек, біз соған қарай әрекет етеміз. Бортта көбіне ауыр халдегі адамдарды тасымалдаймыз. Арасында жасанды тыныс алу аппаратына қосылған науқастар, шала туған нәрестелер, туа біткен аурулары бар балалар бар. Оларға әуедекөмек көрсетіп, жағдайын бақылап отыру – күнделікті міндетім.

Жолда мүмкіндігінше науқаспен бірге ұшып бара жатқан туыстарына да көңіл бөлу керек. Баланы алып келе жатсаң, жанындағы алаңдаулы ата-анасының да жай-күйі маңызды», – деп түсіндірді ол.

Жасұлан Нұрланұлының айтуынша, медициналық авиацияда әріптестер бірін-бірі сөзсіз түсінуге тиіс.

«Жерде жедел жәрдемге қосымша көмек керек болып қалса, жақын тұрған ауруханаға хабарласып, науқасты сол жерге жеткізуге болады. Ал әуеде тек дәрігер мен фельдшер жүреді, сондықтан бір-біріміздің тәжірибемізді толықтырып жұмыс істейміз», – деді маман.

Шетелде жүріп сырқаттанып қалған Қазақстан азаматтарын елге қайтару үшін медициналық авиация жұмылдырылады. Биыл тоғыз халықаралық рейс орындалған. Қазақстан азаматтары Албания, Италия, Түркия, Қытай, Таиланд, Ресей және Өзбекстаннан жеткізілді.

«Жұмыс барысында көп жерге ұшқанымыз сонша, кейде қайда барғанымызды санап шығудың өзі қиын. Жұмыстың ең қызық бөлігі де сол. Мұхиттың ар жағында болған жоқпыз, бірақ талай елге барып көрдік», – деп еске алды ол.

Медициналық авиация қызметкерлері үшін жұмыс науқасты ауруханаға жеткізгеннен кейін аяқталмайды. Жасұлан Нұрланұлының айтуынша, науқастар емделіп шыққан соң қоңырау шалып, аман-есен үйіне қайтып бара жатқанын қуана-қуана жеткізеді екен.

«Біз жеткізген науқастың өзі не жақындары ем алып болғаннан кейін алғысын жаудырады. Науқастардың алғысын естігенде бар уайымымызды ұмытамыз. Біз болсақ қанша шаршап тұрсақ та шақырту түскен сәтте ауа райы ашық болсын, әуежай істеп тұрсын, науқастың жағдайы біз жеткенге дейін тұрақталсын деп тілеп отырамыз», – дейді бригада қызметкері.

Бұл алғыстың бір парасы орталықтағы арнайы кітапқа түскен. Оның беттерінде науқастар мен олардың жақындары қолмен жазған тілектер бар. Бірі өзін аман жеткізген мамандарға рақмет айтса, енді бірі баласына көрсетілген қамқорлықты еске алады. Бұл жазбалардан әр рейстің артында көмек күткен адам мен оның тілеуін тілеген отбасы тұрғанын аңғаруға болады.

Дегенмен медициналық авиация мамандары үшін еңбекақы мәселесі өзекті. Биыл ақпан айындасанавиация қызметкерлері айлығы шамамен 180 мың теңге, ал еңбек өтілі мен үстемақыларды қосқанда 350 мың теңге алатынын айтып шағымданған.

Назигүл Ырымбаеваның айтуынша, қызметкерлердің жанайқайынан кейін жалақы сәл де болсын артқан.

«Адам өмірі мен денсаулығына жауапты мамандардың еңбегін лайықты бағалау керек. Әрқайсысының білімі, тәжірибесі мен тиянақтылығы емнің нәтижесіне әсер етеді. Сондықтан еңбекақы да олардың күнделікті жүктемесі мен мойнына алған жауапкершілігіне сай бағалануы керек», – деді департамент басшысы.

Медициналық авиацияның әр рейсі бірнеше қызметтің бірлескен жұмысына сүйенеді. Диспетчер шақыртуды қабылдайды, дәрігер науқастың жағдайын бағалайды, экипаж жолға дайындалады. Бірақ осы дайындықтың өзі кейде жеткіліксіз: баратын әуежайдың жұмыс кестесі ұшуды кідіртуі мүмкін. Әуе кемелерінің ескіруі мен еңбекақы мәселесі де мамандардың күнделікті тіршілігінен бөлек емес.

Дария ҒҰМАР

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button