TOP-2Жаңалықтар

Дженсен Хуанг Nvidia басшылығына қайта оралады – FT

Америкалық Nvidia компаниясының негізін қалаушы Дженсен Хуанг жеке басына байланытсы жанжалдан кейін кеткен бас директор қызметіне қайта оралу мүмкіндігін талқылап жатыр. Оны қолдауға әлемдегі ірі технологиялық компаниялардың басшылары кіріскен. Алайда бұл бастама АҚШ билігінің қарсылығына тап болуы мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Дженсен Хуангты кімдер қолдап жатыр

Financial Times басылымының 15 қарашада жариялаған мәліметінше, Дженсен Хуанг Nvidia бас директоры қызметінен кеткеніне бірнеше күн өткен соң компания басшылығына қайта оралу мәселесін талқылай бастаған. Басылым дереккөздерінің айтуынша, Хуангтың жақтастарының бірі ірі технологиялық компаниялардың жетекшілерінен арнайы топ құрып жатыр. Олардың мақсаты – Nvidia директорлар кеңесін бұрынғы бас директорды қызметіне қайтаруға көндіру, бұл бастамаға Ақ үйдің қолдауын алу. Дереккөздердің бірі Хуангтың өзі де аталған әрекеттерді қолдайтынын жеткізген.

Хуанг қызметінен кеткеннен кейін АҚШ-та оны қолдауға бағытталған қоғамдық науқан басталды. Оны Nvidia басшылығына қайтаруды талап еткен ашық хатқа Tesla және SpaceX компанияларының басшысы Илон Маск пен Epic Games жетекшісі Тим Суини қосылған. Financial Times мәліметінше, Хуангтың қайта оралуын Nvidia қызметкерлерінің бір бөлігі де қолдап отыр. Алайда бұл бастама Вашиңтон тарапынан қарсылыққа ұшырауы мүмкін. Бұған дейін АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Хуангтың отставкасынан кейін Nvidia басшылығын түбегейлі жаңарту қажеттігін мәлімдеген. Сонымен қатар Хуанг АҚШ Конгресіне түсініктеме беруге шақырылған.

Қазір компания оның қызметтен кетуіне себеп болған жағдайларға қатысты тәуелсіз тергеу жүргізіп жатыр. Ал Nvidia директорлар кеңесі мен бас директордың міндетін уақытша атқарушы Колетт Кресс 17 қарашада жарияланатын тоқсандық қаржылық есептің алдында компаниядағы жағдайды тұрақтандыруға күш салып жатыр

Nvidia басшысы қандай жанжалдан кейін қызметінен кетті

63 жастағы Дженсен Хуанг Nvidia компаниясындағы барлық қызметінен жеке өміріне қатысты дау өршігеннен кейін кеткен. Бұған бұқаралық ақпарат құралдарында оның Сингапурдағы Megaspeed компаниясының менеджерімен некеден тыс қарым-қатынаста болғаны туралы ақпараттың жариялануы себеп болған.

Бірқатар басылымның мәліметінше, әңгіме Қытай азаматы туралы болып отыр. АҚШ арнайы қызметтері аталған әйелдің Қытай барлауымен байланысы болуы мүмкін деп күдіктенген. Хабарламаларға сәйкес, америкалық барлау қызметтері Элис Х. есімді әйелді Қытайдың Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі өз қатарына тартқан болуы мүмкін деген күдікпен бақылауға алған. Шамамен бір жыл бұрын бұл бақылау туралы АҚШ президенті Дональд Трампқа да хабарланған. Кейін Хуангтың Nvidia компаниясындағы жоғары лауазымды қызметкер әйелдердің бірімен де романтикалық қарым-қатынаста болғаны жөнінде ақпарат тараған. Алайда бұл мәліметтер әзірге жарияланған ақпараттар мен болжамдарға негізделген, ал компания бастаған тәуелсіз тергеу аяқталған жоқ.

Дженсен Хуанг – әлемдегі жасанды интеллект индустриясының дамуына елеулі ықпал еткен кәсіпкерлердің бірі. Ол негізін қалаған Nvidia компаниясы жасанды интеллект жүйелеріне арналған озық чиптер өндіретін әлемдік технологиялық көшбасшылардың қатарында. Компанияның процессорлары ірі тілдік модельдерді оқытуға, суперкомпьютерлердің жұмысын қамтамасыз етуге және ауқымды деректерді өңдеуге пайдаланылады. Nvidia АҚШ пен Қытай арасындағы жасанды интеллект саласындағы технологиялық бәсекеде де стратегиялық маңызға ие. Вашингтон америкалық озық чиптердің Қытайға жеткізілуін ұлттық қауіпсіздік мәселесі ретінде қарастырып, олардың экспортына бірқатар шектеу енгізген.

Осы тұрғыдан алғанда, Хуангтың Nvidia басшылығына қайта оралуы компанияның ішкі мәселесімен ғана шектелмей, АҚШ-тың технологиялық және ұлттық қауіпсіздік саясатына да әсер етуі мүмкін.

Back to top button