Трамп, Путин және Си Цзиньпин 19 қарашада Қытайда кездеседі: не талқыланады
АҚШ президенті Дональд Трамп, Ресей президенті Владимир Путин және Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин 2026 жылғы 19 қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында үшжақты кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Келіссөздердің негізгі тақырыптары ядролық қаруды қысқарту және Иран төңірегіндегі жағдай болмақ, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Үш елдің басшысы АТЭС саммиті аясында кездеседі
Келіссөздер 18–19 қарашада Шэньчжэнь қаласында өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті аясында ұйымдастырылады. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтің мәлімдеуінше, үш ел басшысының кездесуін өткізу жөнінде келісімге қол жеткізілген. Бұл АҚШ, Ресей және Қытай басшыларының осындай форматтағы алғашқы бірлескен саммиті болады деп күтілуде.
Ядролық қарусыздану және Иран мәселесі талқыланады
Бұған дейін Ақ үй алдағы кездесудің басты тақырыптарының бірі ядролық қаруды қысқарту болатынын хабарлаған. АҚШ тарапы ядролық арсеналдарды бақылау және осы бағыттағы диалогті жалғастыру мүмкіндіктерін талқылауды көздеп отыр. Сонымен қатар Иран төңірегіндегі жағдай да келіссөздердің маңызды мәселелерінің бірі болмақ, алайда АҚШ әкімшілігі саммит қорытындысы бойынша нақты келісімдерге қол қойылады деп күтпейді. Вашингтон алдағы кездесуді халықаралық қауіпсіздікке қатысты күрделі мәселелер бойынша үш ел арасындағы диалогті бастауға мүмкіндік ретінде қарастырып отыр.
Трамп пен Си Цзиньпин жеке келіссөз өткізеді
Үшжақты кездесуден бөлек, Дональд Трамп Қытайға сапары аясында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен жеке келіссөз өткізуді жоспарлап отыр. Кездесуде Вашингтон мен Бейжің арасындағы сауда-экономикалық қатынастарға басымдық беріледі. Тараптар әлемдегі экономикасы ең ірі екі мемлекет арасындағы сауда саласындағы келіспеушіліктер аясында екіжақты экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылайды деп күтілуде.