Оқиға

Көлігімен кетіп, хабарсыз жоғалған: Ақмола облысында 86 жастағы қария құтқарылды

Ақмола облысында полицейлер көлігімен жолға шығып, кейін хабарсыз кеткен 86 жастағы зейнеткерді тапты. Қарияның автокөлігі жол жиегіндегі жыраға түсіп кеткен. Егде жастағы ер адам өздігінен шыға алмай, жақындарына хабар бере алмаған, деп хабарлайды Tizgin.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Қария көлігімен жыраға түсіп кеткен

Оқиға Ақмола облысы Сандықтау ауданына қарасты Шаңтөбе кентінде болған. ІІМ мәліметінше, жалғыз тұратын 86 жастағы Анатолий Захарович ВАЗ-2107 автокөлігімен жолға шыққан. Алайда жолда көлігі кюветке түсіп кетіп, қария қиын жағдайда қалған.

Егде жастағы ер адам көліктен өздігінен шыға алмаған. Сондай-ақ жақындарына хабарласып, көмек сұрауға мүмкіндігі болмаған. Келесі күні зейнеткер байланысқа шықпаған соң, туыстары алаңдай бастаған. Олар қарияның жоғалғаны туралы Сандықтау аудандық полиция бөліміне хабарлаған.

Полицейлер бейнекамералар арқылы қарияның жүрген бағытын анықтады

Хабар түскен бойда полиция қызметкерлері мен зейнеткердің туыстары іздестіру жұмыстарына кіріскен. Тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының жазбаларын қарап, қарияның автокөлікпен жүрген бағытын анықтаған. Осы мәліметтердің негізінде іздеу жұмыстары ұйымдастырылған.

Нәтижесінде сол күні жол жиегіндегі жырадан ВАЗ-2107 автокөлігі табылған. Көлік салонында жоғалған зейнеткер отырған. Полицейлер қарияны тауып, оны туыстарына тапсырған.

Зейнеткердің немересі полицейлерге алғыс айтты

Оқиғадан кейін Анатолий Захаровичтің немересі іздестіру жұмыстарына қатысқан полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдірген. Ол тәртіп сақшыларына жедел әрекет етіп, қиын жағдайда қолдау көрсеткені және автокөлікті жырадан шығаруға көмектескені үшін алғыс айтқан.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button