Таяу Шығыстан әлемге тараған Ақаба процесі Астанада қандай бастама көтерді
Ақаба процесінің Орталық Азиядағы алғашқы саммиті 6 қараша күні Астанада өтті. Саммиттің негізгі тақырыбы жасанды интеллектіні терроризм мен экстремизм мақсатында пайдалануға қарсы күрес болды. Сырт көзге Астанадағы кезекті жиынның бірі көрінгенмен, бұл саммиттің маңызы шынымен салмақты. Оны процестің бұған дейінгі ауқымынан аңғаруға болады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Иорданиядан Индонезияға дейін
2015 жыл. Ирак пен Сирияның едәуір бөлігін иеленіп, өз «халифатын» жариялаған ДАИШ-тің ықпалы шарықтап тұрған кезең. Сол жылы Иордания Королі ІІ Абдалла терроризм мен зорлықшыл экстремизмге қарсы мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіру үшін Ақаба процесін бастады. Арада он бір жыл өткенде бұл бастама Орталық Азияға жетіп, Астанада алғаш рет жоғары деңгейдегі саммит өткізді.
Бұған дейін Иордания, АҚШ, Испания, Болгария, Нидерланд және Индонезияда өткен кездесулерге ондаған елдің президенттері, премьер-министрлері, қорғаныс және сыртқы істер министрлері, арнайы қызметтер мен әскери құрылымдардың өкілдері қатысты. Диалогқа БҰҰ, НАТО, Еуропалық одақ, Интерпол, Африка одағы сияқты халықаралық ұйымдар да тартылды. 2022 жылы Индонезияның Балиде өткен кездесуіне Google, Microsoft, Meta, TikTok және YouTube өкілдері қатысып, интернеттегі террористік контентке қарсы күресті талқылады. Ал 2026 жылғы ақпанда Ұлыбританиядағы Сэндхерст әскери академиясында дрондарды заңсыз пайдалануға қарсы шаралар қаралды. Осы кездесулердің географиясы мен қатысушылар құрамы Ақаба процесінің терроризмге қарсы халықаралық ынтымақтастықтағы кең диалог алаңына айналғанын көрсетеді.
Астанадағы саммиттің негізгі бағыты жасанды интеллектінің қауіпсіздігіне арналғанын жоғарыда айттық Қатысушылар технологияның мүмкіндіктерін пайдалану мен одан туындайтын қатерлерді қатар қарастырды. Атап айтқанда, жасанды интеллект арқылы жалған ақпарат тарату, радикалды мазмұнды көбейту, адамдарды экстремистік топтарға тарту және террористік әрекеттерді үйлестіру тәуекелдері талқыланды. Мұндай қатерлер бір мемлекеттің шекарасымен шектелмейтіні, интернеттегі үгіт-насихат бір елде жасалып, екінші елдің азаматтарына бағытталуы мүмкін екені айтылды.
Қазақстанның осы кездесудегі негізгі ұстанымы – жасанды интеллектіні қауіпсіз, әдепке сай және орнықты дамытуға бағытталған өңірлік тәсіл қалыптастыру. Саммиттің ресми қорытындысында қатысушы тараптар осы бағытта үйлестірілген аймақтық көзқарас әзірлеуге келісті. Ақаба процесінің аясындағы кейбір кездесулер жабық форматта өтетінін де айту керек.
Астана бастап, Ташкент қостады
Қазақстанның бастамашыл рөлі саммитті Иорданиямен бірлесіп өткізуінен де байқалды. Қ.Тоқаев пен ІІ Абдалла кездесуге тең төрағалық етті. Бұл Қазақстанға Орталық Азия елдерін халықаралық терроризмге қарсы диалогқа тартуға, ал Иорданияға бастаманың географиялық аясын кеңейтуге мүмкіндік берді. Басқосуға Қазақстан, Иордания, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан басшылары, сондай-ақ Қырғызстан мен Әзербайжанның жоғары лауазымды өкілдері қатысты. Яғни, өңір елдері қауіпсіздіктің жаңа технологиялармен байланысты мәселесін бір алаңда талқылады.
Саммитте Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев БҰҰ-ның Терроризмге қарсы басқармасының өңірлік кеңсесін Ташкентте ашуды ұсынды. Мұндай кеңсе Орталық Азия елдеріне террористік контент туралы хабарлау арналарын құруға, терроризмді қаржыландыру деректерін анықтауға, мамандар даярлауға және жасанды интеллектіні осы мақсатта қолдануға көмектесуі мүмкін.
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Дидар Тебаев Қазақстан жасанды интеллект технологиялын дамуды басым бағыты ретінде таңдағандықтан, Ақаба процесінің осы тақырыпқа арналуы орынды болғанын айтады.
«Меніңше, Ақаба процесі өңірлік бастама шеңберінен шығып, Таяу Шығыс, Шығыс Африка елдерін қамтып қана қоймай, Орталық Азияға да жеткен елеулі халықаралық бастамаға айналды. Ең алдымен, жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалану жөніндегі бірыңғай саясат әзірлеу қажет. Оның қандай қауіп төндіретінін анықтап, технологияны дұрыс бағытта қолдануымыз керек», – дейді сарапшы.
Астанадағы кездесудің нәтижес ықпалы қауіптерді ортақ бағалауға, арнайы қызметтер мен мемлекеттік органдардың байланысын нығайтуға және тәжірибе алмасуға жағдай жасауынан көрінеді. Қазақстан үшін мұндай форматтың пайдасы – Орталық Азияның қауіпсіздік мәселелерін халықаралық күн тәртібіне шығару және көрші елдермен цифрлық қатерлерге қарсы ортақ тәсіл қалыптастыру.