Түркістанның ақ алтыны: миллиардтар айналған мақта өндірісі қалай дамып жатыр
Түркістан облысында қытайлық Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd. компаниясы мақта өсіруден бастап, дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қалыптастыруды көздеп отыр. Инвестор алдағы бес жылда Қазақстандағы жобаларына қосымша 300-400 млрд теңге салуды жоспарлаған. Қазір өңірде мақта өңдейтін зауыттар жұмыс істеп, өндірілген жіп Қытайға экспортталып жатыр. Tizgin.kz тілшісі өндіріс кешеніне арнайы барып, кәсіпорынның жұмысымен және алдағы жоспарларымен танысты.
Қытайлық инвестор Түркістанға қанша қаржы салмақ
Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан Lihua Cotton жобасы мақтаны шикізат күйінде сыртқа сатудан оны терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім өндіруге көшуге бағытталған. Инвестицияның алғашқы кезеңіне 47,6 млрд теңге бағытталған. Жоба аясында заманауи су үнемдеу технологиялары енгізіліп, 300 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған.
Lihua компаниясының директоры Сюй Цзенің айтуынша, қазіргі жобаларға шамамен 250 млрд теңге инвестиция салынған. Алдағы бес жылда бұл бағытқа тағы 300-400 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр.

«Аталған жобаларға шамамен 250 миллиард теңге инвестиция салдық. Алдағы жоспарымыз бұдан да ауқымды. Келесі бес жыл ішінде тағы 300-400 миллиард теңге инвестиция құюды көздеп отырмыз», – деді Сюй Цзе.
Қытайлық компания директоры Сюй Цзе жоғары өнімділіктің негізгі себебін заманауи агротехнологиялармен байланыстырды.
«Басты құпия – суды дәл мөлшермен беру және тыңайтқышты дұрыс пайдалану. Мақтаны уақытында суарып, қажетті қоректік заттармен қамтамасыз етеміз. Соның нәтижесінде өнімділік айтарлықтай артты. Қазір 52 гектар алқаптың әр гектарынан орта есеппен 6 тонна мақта жинап отырмыз. Кейбір алқаптарда бұл көрсеткіш 7-8 тоннаға дейін жетеді», – деді компания басшысы.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әлібек Плалов та су үнемдеу технологияларының тиімділігіне тоқталды. Оның айтуынша, биыл «Агроөнеркәсіп кешені» ЖШС 52 мың гектар алқапқа мақта егіп, 300 мың тоннаға жуық өнім жинаған. Ал жалпы мақта алқаптарынан жиналған шикі мақта көлемі 500 мың тоннаға жуықтаған.

«Бүгінде шаруалардан қабылданып жатқан шитті мақтаның бір келісі 230 теңгені құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда бұл баға айтарлықтай жоғары. Су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы мақтаның өнімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік бар. Мұндай технологияларды пайдаланған шаруашылықтар гектарынан шамамен 3-6 тонна өнім ала алады. Мақтаның бір келісін 230 теңгеден өткізген жағдайда да шаруалардың әр гектардан 850 мың теңге табыс табуына мүмкіндік бар», – деді Әлібек Плалов.
Қазіргі уақытта Отырар ауданында мақтаны бастапқы өңдейтін төрт зауыт жұмыс істейді. Онда мақта шитінен ажыратылып, тазартылғаннан кейін жіп иіру кәсіпорнына жеткізіледі. Ал Түркістан арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 57 млрд теңге болатын тағы бес өндіріс орнын салу көзделген. Олардың қатарында жіп иіру, мата өндіру, бояу және әрлеу, тігін фабрикалары мен ПВХ құбырларын шығаратын кәсіпорын бар.

Зауыт қалай жұмыс істейді
Tizgin.kz тілшісі мақта талшығынан дайын жіп шығарылатын кәсіпорынның өндірістік процесімен де танысты. Мұнда мақта бірнеше технологиялық кезеңнен өтеді. Алдымен талшық шаң-тозаң мен өзге қоспалардан тазартылып, арнайы жабдықтарда таралады. Кейін біркелкі таспаға айналып, созу және иіру аппараттарына жіберіледі.

Зауыт механигі Әбілдә Еркіннің айтуынша, өндірістегі негізгі талап – жіптің сапасы мен технологиялық процестің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

«Біздің кәсіпорынға мақта алдын ала өңделген, шитінен ажыратылған және тазартылған күйінде жеткізіледі. Алдымен қосымша тазартудан өтеді. Одан кейін мақта талшықтары арнайы аппараттарда таралып, біркелкі таспаға айналады. Бірнеше технологиялық кезеңнен өткеннен кейін талшықтар созылып, жіңішкеріп, ширату арқылы дайын жіпке айналады», – деп түсіндірді маман.
Дайын жіп автоматтандырылған жүйе арқылы үлкен орауыштарға жиналады. Бір орауышта шамамен 54-56 мың метр жіп болады. Кәсіпорында арнайы зертхана жұмыс істейді. Ондағы мамандар өнімнің біркелкілігін, салмағын және басқа да сапалық көрсеткіштерін тұрақты тексеріп отырады.
Қазіргі уақытта зауыт тәулігіне шамамен 30 тонна дайын жіп өндіреді. Өнімнің басым бөлігі Қытайға экспортталады. Ал жаңа мата фабрикасы іске қосылғаннан кейін өндірілген жіптің белгілі бір бөлігін Қазақстанда өңдеу жоспарланған. Сөзінше, кәсіпорында шамамен 400 адам жұмыс істейді. Қызметкерлердің 80 пайызға жуығы – қазақстандықтар. Ең төменгі жалақы 200 мың теңгеден басталады, ал кейбір мамандар айына 400 мың теңгеден астам табыс табады.
Мақтаның келісі 230 теңге: шаруалар қанша өнім алып жатыр
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепованың мәліметінше, Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын қолдану ауқымы айтарлықтай кеңейген. Бірнеше жыл бұрын мұндай әдістер 2-3 мың гектарда пайдаланылса, биыл 80 мың гектарға жеткен.
Соның нәтижесінде өңірдегі мақтаның орташа өнімділігі гектарына 22-23 центнерден 32-33 центнерге дейін артқан. Ал Lihua компаниясының кейбір егіс алқаптарында гектарынан 6 тонна, жекелеген учаскелерде 7-8 тоннаға дейін мақта жиналған.

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазір шаруалардан шитті мақтаның бір келісі 230 теңгеден қабылданып жатыр. Су үнемдеу технологияларын қолданатын шаруашылықтар гектарынан 3-6 тоннаға дейін өнім алуға мүмкіндік бар екенін көрсеткен.
Биыл мақтаны бастапқы өңдеу саласы алғаш рет инвестициялық субсидиялау бағдарламасына енгізілді. Енді кәсіпорындардың технологиялық жабдықтарға жұмсаған инвестициялық шығындарының 21 пайызын субсидиялау қарастырылған.
Қазақстанда мақтаны терең өңдеуге не кедергі
Түркістандағы мақта кластерін дамытудағы негізгі мәселелердің бірі – ел ішінде өндірілген шикізатты терең өңдейтін кәсіпорындардың қуатын толық пайдалану және дайын өнімге тұрақты сұраныс қалыптастыру.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепованың айтуынша, Қазақстанда тоқыма фабрикалары болғанымен, олардың өндірістік мүмкіндіктері толық пайдаланылмай отыр. Сондықтан мақта өндірісін дамытумен қатар, отандық тоқыма өнеркәсібіне қолдау көрсету қажет.

«Бізде шикізат жеткілікті. Ендігі міндет – оны елімізде терең өңдеп, дайын өнім шығару. Отандық тоқыма кәсіпорындары мемлекеттік сатып алу жүйесінде жергілікті өнімге басымдық беру мәселесін көтеріп отыр. Мәселен, теміржол саласы мен түзеу мекемелері төсек-орын жабдықтары мен арнайы киімдерді отандық өндірушілерден сатып алса, кәсіпорындар үшін тұрақты сұраныс қалыптасар еді», – деді вице-министр.
Вице-министрдің сөзінше, бұл мәселе Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бірлескен жұмысын талап етеді. Қазір екі ведомство мақтаны терең өңдейтін кәсіпорындарды қолдау тетіктерін пысықтап жатыр.