Жаңалықтар

Қарағанды – Алматы тасжолында 30-дан астам көлік кері қайтарылды

Қарағанды – Алматы тасжолында көктайғақ салдарынан жазғы дөңгелекпен жүрген 30-дан астам көліктің жолға шығуына тыйым салынды. Полиция жүргізушілерді қала сыртына шығармай, кері қайтарған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Өңірде жаңбыр аралас қар жауып, республикалық маңызы бар тасжолдардың бірқатар бөлігінде көктайғақ қалыптасқан. Осыған байланысты полиция жол қауіпсіздігін бақылауды күшейтіп, қауіпті учаскелерде тәулік бойы патрульдеуді ұйымдастырды.

Қарағанды облысы Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмаханов жол жағдайы әр учаскеде әртүрлі екенін айтты.

«Жолдағы ауа райы әлі де күрделі. Кейбір учаскелерде жол құрғақ болса, басқа жерлерде жауын-шашыннан көктайғақ қалыптасты. Сондықтан жүргізушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әсіресе жазғы дөңгелекпен жүргендерге ерекше назар аударылады», – деді ол.

Бұдан бөлек, Қарағанды облысының Абай ауданына қарасты Топар ауылында полиция қоғамдық жолда дрифт жасаған үш көлікті анықтады. BMW және Volkswagen маркалы автокөліктердің жүргізушілері қауіпті маневрлер жасап, жол қозғалысына қатысушыларға қатер төндірген.

Полиция мәліметінше, 18-21 жас аралығындағы үш жүргізуші ұсақ бұзақылық және көлік жүргізу кезінде маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынған.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button