Қазақстанда рұқсатсыз жұмыс істеген Қытайдың 20 азаматы жазаланды
Павлодар облысында тиісті рұқсатсыз жұмыс істеген Қытай Халық Республикасының 20 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен олардың әрқайсысы бір тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Tizgin.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қытай азаматтары Павлодар облысында рұқсатсыз жұмыс істеген
Железин аудандық сотының мәліметінше, 2026 жылдың қазан айында полиция қызметкерлері Үрлітөбе ауылында еңбек етіп жүрген Қытайдың 20 азаматын анықтаған. Тексеру барысында шетелдіктердің аталған өңірде жұмыс істеуге тиісті рұқсаты болмағаны белгілі болды. Алайда олардың төлқұжаттарында Қазақстанда еңбек етуге арналған С3 санатындағы визалар болған.
Визаларды ресімдеу жүйесіндегі мәліметтерге сәйкес, шетелдіктердің жұмыс орны ретінде Алматы қаласы көрсетілген. Бұл дерек әкімшілік іс материалдарымен де расталған. Осылайша, Қытай азаматтары құжаттарда көрсетілген өңірден тыс жерде еңбек етіп, көші-қон заңнамасының талаптарын бұзған.
Сотта барлық шетелдік кінәсін мойындады
Істі Железин аудандық соты қарады. Сот отырысында Қытайдың 20 азаматы да өз кінәларын толық мойындап, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларда көрсетілген мән-жайларға қарсылық білдірмеген. Сот олардың әрекетін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы 5-бөлігі бойынша саралады. Аталған норма шетелдіктердің тиісті рұқсатсыз еңбек қызметін жүзеге асыруына қатысты жауапкершілікті көздейді.
Істі қарау қорытындысы бойынша сот барлық 20 азаматты кінәлі деп танып, әрқайсысына бір тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады. Сот қаулылары заңды күшіне енді.