Қазақстанда медициналық колледждер тексеріледі: талаптан өтпегендерге не болады
Қазақстанда медициналық колледждердің жұмысына бақылау күшейтіледі. 2027 жылы еліміздегі 100 медициналық колледждің 50-і мемлекеттік аттестаттаудан өтеді. Арнайы комиссиялар оқу орындарына барып, білім сапасын, материалдық-техникалық базасын және болашақ медицина қызметкерлерінің кәсіби даярлығын бағалайды, деп хабарлайды Tizgin.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 100 медициналық колледж жұмыс істейді. Оның 22-сі мемлекеттік, ал қалған 78-і жекеменшік оқу орны. Министрлік орта буын медицина мамандарын, оның ішінде мейіргерлерді, фельдшерлер мен акушерлерді даярлау сапасына қойылатын талаптарды күшейтуді көздеп отыр.
2026 жылы алғаш рет денсаулық сақтау саласындағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізудің арнайы қағидалары бекітілді. Жаңа тәртіп бойынша комиссия мүшелері оқу орындарына міндетті түрде барып, олардың жұмысын жергілікті жерде бағалайды.
Медициналық колледждерде не тексеріледі
Жаңа талаптар Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 11 наурыздағы №32 бұйрығымен бекітілген. Құжатқа сәйкес, медициналық колледждердің қызметі он бағыт бойынша бағаланады. Тексеру барысында оқытушылардың біліктілігіне, білім беру бағдарламаларының мазмұнына, студенттердің тәжірибелік даярлығына және оқу кабинеттерінің жабдықталуына ерекше назар аударылады. Сондай-ақ комиссиялар симуляциялық орталықтардың жағдайын тексереді. Мұндай орталықтарда болашақ медицина қызметкерлері нақты пациенттермен жұмыс істеуге кіріспес бұрын медициналық манипуляцияларды орындауды және алғашқы көмек көрсетуді үйренеді.
Бұдан бөлек, студенттердің қауіпсіздігі, оқу жағдайлары, өндірістік тәжірибенің ұйымдастырылуы, материалдық-техникалық база және түлектердің даярлық нәтижелері ескеріледі. Бағалау кезінде колледждің алдыңғы екі оқу жылындағы және ағымдағы оқу жылындағы жұмысы зерделенеді. Бекітілген тәртіп бойынша көшпелі тексеру жеті жұмыс күнінен аспауға тиіс. Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың, білім беру және медициналық ұйымдардың өкілдері кіретін кемінде бес адам енгізіледі.
Тексеруден өтпеген колледждерге қандай шара қолданылады
Мемлекеттік аттестаттау қорытындысы бойынша оқу орындарына белгіленген критерийлер негізінде баға беріледі. Егер колледждің жұмысы «өте жақсы» немесе «жақсы» деп бағаланса, оны мемлекеттік аттестаттаудан өтті деп тану ұсынылады. Ал «қанағаттанарлық» немесе «қанағаттанарлықсыз» деген баға алған оқу орындары бойынша теріс қорытынды шығарылады.
Мұндай жағдайда колледж туралы мәліметтер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетіне жолданады. Бұл заңнамаға сәйкес оқу орнына бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізуге негіз болады. Тексеру нәтижелері уәкілетті органның ресми интернет-ресурстарында жариялануға тиіс. Ал колледж әкімшілігіне анықталған кемшіліктер мен оларды жою жөніндегі ұсынымдар көрсетілген қорытынды беріледі. Маңыздысы, мемлекеттік аттестаттаудан өтпеу колледждің бірден жабылатынын немесе лицензиясынан автоматты түрде айырылатынын білдірмейді. Кейінгі шаралар мемлекеттік бақылау нәтижелері мен анықталған заңбұзушылықтарға байланысты қабылданады.
Болашақ медицина қызметкерлерін даярлау жүйесі қалай өзгереді
Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік медициналық колледждерді жекеменшік оқу орындары үшін сапа үлгісіне айналдыруды жоспарлап отыр. Осы мақсатта білім беру бағдарламаларын жаңарту, оқу орындарының техникалық жабдықталуын жақсарту және студенттердің тәжірибелік дайындығын күшейту көзделген. Реформаның негізгі бағыттарының бірі – болашақ медицина қызметкерлерін нақты мамандықтарға тереңірек бейімдеп даярлау. Сонымен қатар дуальды оқыту жүйесін кеңейту жоспарланып отыр. Бұл тәсілде студенттер теориялық білімді колледжде меңгеріп, тәжірибелік дағдыларын ауруханалар мен емханаларда жетілдіреді.
Өзгерістер студенттердің тағылымдамадан өту тәртібіне және мемлекеттік білім беру гранттарын өтеу тәсілдеріне де қатысты болмақ. Министрлік қолға алынған шаралар медициналық колледж түлектерінің кәсіби даярлығын арттырып, олардың білімін денсаулық сақтау ұйымдарының нақты қажеттіліктеріне сәйкестендіруге мүмкіндік береді деп есептейді.