«Басымызды құмға тықпаймыз»: Тоқаев Қазақстандағы жемқорлықтың ауқымын ашық айтты
Қазақстанда соңғы үш жылда 3 мыңнан астам сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы анықталған. Олардың 2 мыңнан астамын мемлекеттік қызметшілер жасаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында елдегі жемқорлық ахуалын күрделі деп бағалап, бұл мәселеге қатысты ақпарат халықтан жасырылмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Үш жылда 3 мыңнан астам жемқорлық дерегі анықталған
Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты статистикалық мәліметтерді жариялады. Президенттің айтуынша, 2023–2025 жылдар аралығында елімізде 3 168 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы анықталған. Оның 2 165-ін мемлекеттік қызметшілер, ал қалғанын өзге тұлғалар, соның ішінде квазимемлекеттік сектор қызметкерлері жасаған. Аталған құқық бұзушылықтарға қатысты жалпы сома 248,2 миллиард теңгеден асады. Биылғы жылдың алғашқы он айында да жүздеген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы тіркелген.
«Осы жылдың он айы ішінде 751 сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасалған, соның 546-сын – мемлекеттік қызметшілер, ал 205-ін өзге де тұлғалар жасаған, соның ішінде квазимемлекеттік сектор қызметшілері де бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Ешнәрсені жасырмаймыз»
Мемлекет басшысы келтірілген статистика елдегі сыбайлас жемқорлық мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсететінін атап өтті. Оның айтуынша, билік жемқорлыққа қатысты деректерді де, онымен күресу үшін қабылданып жатқан шараларды да қоғамнан жасырмауы тиіс.
«Осы статистикадан көріп отырғанымыздай, еліміздегі сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі болып тұр. Бірақ біз ешнәрсені де жасырмаймыз, басын құмға тыққан страустың кейпіне түспейміз», – деді Президент.
Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ашықтық қағидаты сақталатынын жеткізді.
«Біз осы саладағы мәселенің бәрін ашық айтамыз, жемқорлықты жою үшін қабылданған және қабылданатын шаралар туралы да ешнәрсені жасырмай, барлығын халыққа ашық көрсетіп отырамыз», – деді Мемлекет басшысы.
«Өзіміздікі» және «бөтен» деп бөлуге жол берілмейді
Президент сыбайлас жемқорлыққа қатысты істерді тергеуде лауазымына, қызметтік байланысына немесе өзге де жағдайларға қарай адамдарды бөліп-жаруға болмайтынын ескертті. Оның айтуынша, түрлі деңгейдегі басшылардың қаржы жымқыруға қатысты құқық бұзушылықтарын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметі Бас прокуратурамен бірлесіп, жедел әрі мұқият тексереді.
«Өзіміздікі» және «Өзіміздікі емес», тіпті «бөтен» деп бөлуге мүлде жол берілмейді, өйткені Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең екені анық жазылды. Біз бәріміз де осы заңға бағынуымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылайша, Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте заң алдындағы теңдік пен ашықтық қағидаттарын сақтау қажеттігін атап өтті.