Тоқаев ҚТЖ мен «Самұрық-Қазына» ісіне қатысты мәлімдеме жасады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді. Президент бұл жағдайды мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық мәселесінің күрделілігін көрсететін оқиға деп бағалады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай»
Мемлекет басшысы ұлттық компаниялардың басшыларына қатысты қозғалған қылмыстық істерге тоқталып, тергеу енді басталғанын атап өтті.
«Кеше еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталғаны туралы мәлімет таратты. Ашығын айтқанда, бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев заң бойынша сотқа дейінгі тергеу деректерін жария етуге шектеу қойылғанын еске салды. Оның айтуынша, тергеу жұмыстары енді басталғандықтан, істің егжей-тегжейін ашып көрсетуге болмайды. Соған қарамастан, Мемлекет басшысы болған оқиғаның мемлекеттік басқару жүйесі үшін маңызына назар аударды.
Тоқаев «Заң мен Тәртіп» қағидатына тоқталды
Президент ұлттық компаниялардағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты істі елде жарияланған «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасымен байланыстырды.
«Бұл – біз «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын жариялап, оны Конституциямызда мемлекеттік басқару мен қоғам өмірінің басты қағидаты ретінде бекіткелі бері біртұтас жүйеге кіретін мемлекеттік компанияларда болып тұрған сыбайлас жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі іс», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы заң талаптарын сақтау мемлекеттік органдармен қатар, ұлттық компаниялар үшін де маңызды екенін атап өтті.
«Конституцияны бұзуға ешкімнің хақы жоқ»
Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Президент Қазақстанның жаңа Конституциясына да тоқталды. Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда қабылданған Конституцияның 1 шілдеде күшіне енгенін еске салды. Тоқаевтың айтуынша, елдің негізгі заңы мемлекеттік басқару мен қоғамдық өмірдегі басты құқықтық қағидаттарды айқындайды.
«Конституцияның ережелері мен баптарын бұзуға, халқымыздың осы қасиетті құжатын келемеж жасауға, кемсітушілік көрсетуге ешкімнің де хақы жоқ», – деді Президент.
Еске салайық, 11 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевті ұстаған. Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
ҰҚК Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге мәліметтері жарияланбайтынын хабарлады. Күдіктілердің кінәсі сот үкімімен анықталған жоқ.