ЖаңалықтарОқиға

Ақмола облысында 15 жаңа көлік тиелген екі автовоз аударылып қалды

Ақмола облысында 15 жаңа автокөлік тиеген екі FAW жүк көлігі жол апатына ұшырады. Қорғастан Ресейге бағыт алған автовоздар соқтығысып, жол жиегіндегі жыраға аударылған. Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа көктайғақ себеп болған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Екі автовоз тасжолдың 131-шақырымында соқтығысқан

Оқиға 13 қарашада Астана – Атбасар – Жақсы тасжолының 131-шақырымында болған. Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, шетелдік жүргізушілер тізгіндеген FAW маркалы екі автовоз Қорғастан Ресей Федерациясына 15 жаңа автокөлік тасымалдап бара жатқан.

Алдын ала ақпарат бойынша, бірінші жүк көлігінің жүргізушісі жолдағы көктайғақ салдарынан рөлге ие бола алмай қалған. Соның салдарынан артынан келе жатқан екінші автовозбен соқтығысқан. Соққыдан кейін екі ауыр жүк көлігі де жолдан шығып, жыраға аударылған.

Жол апатынан ешкім зардап шекпеген

Полицияның хабарлауынша, ауқымды жол-көлік оқиғасына қарамастан, зардап шеккендер жоқ.

«Соқтығысудың салдарынан ауыр жүк көліктері жолдың жүріс бөлігінен шығып кетіп, жыраға аударылды. Жол апатынан зардап шеккендер жоқ», – деп хабарлады Ақмола облыстық полиция департаменті.

Ведомство оқиға орнынан бейнежазба жариялады. Жол апатына байланысты автовоз жүргізушілерінің біріне қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.

Полиция жүргізушілерге ескерту жасады

Құқық қорғау органдары күн суытып, жолдарда көктайғақ пайда болған кезде жол-көлік оқиғаларының қаупі артатынын ескертті. Полицейлер жүргізушілерге жылдамдықты төмендетіп, қауіпсіз арақашықтықты сақтауға және күрт тежеу мен қауіпті маневрлерден аулақ болуға кеңес берді.

Әсіресе ауыр жүк көліктері мен ірі габаритті көлік жүргізушілері жол жағдайын ескеріп, барынша сақ болуы қажет. Сондай-ақ полиция қысқы дөңгелектерді уақтылы орнатудың маңызын еске салды.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button