Қарағанды облысында үш баланың анасының денесі табылды: күдікті ұсталды
Қарағанды облысында қыркүйек айынан бері із-түзсіз жоғалып кеткен 38 жастағы Ирина Керннің мәйіті табылды. Әйелдің денесі Теміртау қаласынан 22 шақырым жерде анықталған. Мәйіттен зорлық-зомбылықпен өлтіру белгілері байқалған. Адам өлтірді деген күдікпен 40 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әйелдің мәйіті Теміртаудан 22 шақырым жерде табылды
Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, із-түзсіз жоғалған әйелдің мәйіті 13 қарашада табылған. Мәйітті қарау барысында оның зорлық-зомбылық салдарынан қаза тапқанын көрсететін белгілер анықталған. Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер қылмысқа қатысы болуы мүмкін 40 жастағы ер адамды анықтап, ұстады.
«Полиция қызметкерлері осы қылмысты жасауға қатысы бар деген күдікпен 40 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Адам өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу барысы Қарағанды облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Ирина азаматтық некедегі күйеуімен жанжалдасқаннан кейін жоғалған

Еске салайық, Теміртау қаласының 38 жастағы тұрғыны Ирина Керн 19 қыркүйектен 20 қыркүйекке қараған түні із-түзсіз жоғалып кеткен. Туыстары мен еріктілер оны екі айға жуық уақыт іздеді. Бұған дейін марқұмның әпкесі Анастасия Духова Ирина жоғалар алдында азаматтық некедегі күйеуімен жанжалдасқанын айтқан. Сол түні үйде әйелдің ұлы және Ирина баспанасыз қалғандықтан өз үйіне паналатқан 19 жастағы бозбала болған.
«Ирина бірге тұратын ер адаммен ұрысып қалған. Сол кезде үйде оның ұлы мен өзі паналатқан 19 жастағы жетім жігіт болған. Себебі оның баратын жері жоқ еді. Балалардың айтуынша, таңғы сағат алты шамасында үй іші тынышталып, есіктің тарс жабылған дыбысы естілген. Олар оянғанда Ирина үйде болмаған. Үйде болғандардың ешқайсысы оның қалай шығып кеткенін көрмеген», – деп бұған дейін айтып берген марқұмның әпкесі Анастасия.
Әйел жоғалғаннан кейін жақындары оны өз беттерінше іздей бастаған. Олар Иринаның таныстарына хабарласып, болуы мүмкін жерлерді тексеріп, сол түні не болғанын анықтауға тырысқан. Ал әйелдің жоғалғаны туралы ресми арыз полицияда тек 2 қазанда тіркелген.
Үш баланың анасын іздеуге полицейлер мен еріктілер жұмылдырылған
Ирина Кернді іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері, әскери қызметшілер, кинологтер және ондаған ерікті қатысқан. Іздестіру топтары тұрғын үй аумақтарын, саяжайларды, қараусыз қалған ғимараттар мен орман алқаптарын тексерген. Туыстары әлеуметтік желілерде әйелдің суреті мен деректерін таратып, оның қайда екені туралы қандай да бір ақпарат білетін тұрғындардан хабарласуды сұраған.
Ирина жоғалғанға дейін жиһаз шығаратын компанияда дизайнер болып жұмыс істеген. Жақындары оны мейірімді, өзгелерге қол ұшын беруге дайын адам ретінде сипаттаған. Марқұмның артында үш баласы қалды.
Екі айға жуық уақытқа созылған іздеу жұмыстары қайғылы аяқталды. Әйелдің мәйіті Теміртау қаласының сыртынан табылды. Енді тергеу органдары оның өлімінің барлық мән-жайын және ұсталған ер адамның қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтауы тиіс. Әзірге полиция күдіктінің марқұмға кім болып келетінін және оның Ирина жоғалар алдындағы жанжалға қатысы бар-жоғын хабарлаған жоқ.