ҚТЖ жекешелендіріле ме: сарапшы өз болжамын айтты
Қаржыгер, сарапшы Расул Рысмамбетов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жақын уақытта IPO-ға шығуы екіталай екенін айтты. Оның пікірінше, ҚТЖ-ның қызметі қарапайым коммерциялық компаниялардан өзгеше, сол себепті оны қор нарығына шығару мәселесіне ерекше көзқарас қажет. Бұл туралы сарапшы Қазақстан қаржыгерлерінің конгресі аясында мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Корпоративтік басқарудың қандай кері әсері бар
Расул Рысмамбетовтің айтуынша, қазіргі жағдайда «Самұрық-Қазына» қоры үшін ең маңызды міндет – қалыптасқан жағдайды реттеп, басқару жүйесін біртіндеп жетілдіру. Ол корпоративтік басқарудағы өзгерістерді асығыс жүргізу компаниялардың нарықтық құнына кері әсер етуі мүмкін екендігін алға тартты.
«Жыл сайын жүйелі түрде реттеп отыру керек. Қазір, мысалы, Президент ескерту жасап, мәселені бір ай ішінде шешіп тастайды деп ойлаймыз. Бірақ олай болмайды. Бұл – капиталдандыру деңгейін құлдыратып алмау үшін біртіндеп жүргізілуі тиіс процесс. Қазір инвесторларға мемлекет тарапынан нақты ұстаным көрсетіп, жағдайдың бақылауда екенін білдіру маңызды», – деді қаржыгер.
Сарапшы ҚТЖ-ның IPO-ға шығуына қатысты пікірін де ашық білдірді. Оның пайымдауынша, теміржол компаниясының қызметі тек пайда табумен шектелмейді. Ол елдің стратегиялық инфрақұрылымын қамтамасыз етіп, көмірді жылу электр орталықтарына жеткізу сияқты маңызды мемлекеттік міндеттерді атқарады.
«IPO болмайды, бұл анық. Техникалық тұрғыдан алғанда, ҚТЖ – жай компания емес, бұл мемлекеттік функция. Мысалы, көмірді жылу электр орталықтарына қалай жеткізу керек деген мәселе бар. ҚТЖ-ның ең төменгі маржасын сақтап қалу қажет. Оның бір бөлігін жеке қолға беру мүмкін бе? Әлде компанияны толықтай мемлекеттік құрылым ретінде қалдырған жөн бе? Бұл – елдегі ең ірі компаниялардың бірі. Сондықтан мұнымен әлі де жүйелі түрде жұмыс істеу қажет», – деді Расул Рысмамбетов.
Басқару жүйесіндегі өзгерістер
Қаржыгер пікірінше, «Самұрық-Қазына» қорындағы жағдайды реттеу үшін тәжірибелі менеджер мен тиімді жұмыс істейтін директорлар кеңесі қажет. Алайда бұдан қысқа мерзімде ауқымды нәтиже күтудің қажеті жоқ көрінеді.
Сарапшы корпоративтік басқару жүйесіндегі өзгерістер кезең-кезеңімен жүзеге асуы керегін айтты. Оның сөзінше, асығыс шешімдер қабылдау орнына басқару тетіктерін жүйелі түрде жетілдіріп, инвесторлар сенімін қалпына келтіруге басымдық берген жөн.
ҚТЖ мен «Самұрық-Қазына» басшыларының ұсталуы
Айта кетейік, 11 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Елжас Отыншиевтің ұсталғанын растаған болатын.
Олар істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын алға тартты. ҰҚК сотқа дейінгі тергеуге қатысты өзге мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайтынын хабарлады.