8,7 млн теңгенің жабдығы жоқ: Қостанай облысында білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды
Қостанай облысының Қарабалық ауданында білім бөліміне жүргізілген прокурорлық тексеру барысында бюджет қаражатын жымқыру және мемлекеттік сатып алу талаптарын бұзу деректері анықталды. Нәтижесінде бөлім басшысы қызметінен босатылып, жеті лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Tizgin.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Миллиондаған теңгенің мектеп жабдығы табылмаған
Қостанай облысы прокуратурасының мәліметінше, Қарабалық аудандық білім бөлімінің жұмысын тексеру кезінде қаржылық заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, жауапты лауазымды тұлға 768 мың теңгені бухгалтерлік есепте көрсетпеген. Сонымен қатар, тексеру барысында құны 8,7 миллион теңге болатын мектеп жабдықтарының жоқ екені анықталған. Бұдан бөлек, аталған жабдықтарды сатып алуға бөлінген 744 мың теңгеге қатысты да заңбұзушылық тіркелген.
Осы деректер бойынша қызмет бабын пайдалана отырып, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Прокуратура мәліметінше, келтірілген залал толық өтелген. Ал қылмыстық іс амнистияға байланысты тоқтатылған.
50 миллион теңгеден астам қаржыға тауарлар конкурссыз сатып алынған
Прокурорлық тексеру кезінде мемлекеттік сатып алу саласында да заңбұзушылықтар анықталды. Аудандық білім бөлімі жалпы құны 50 миллион теңгеден асатын тауарларды конкурс өткізбестен сатып алған. Сонымен қатар, сатып алынған жабдықтардың белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар мен кепілдік міндеттемелері болмаған.
Білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды
Анықталған заңбұзушылықтардан кейін прокуратура тиісті шаралар қабылдаған.
«Прокурорлық қадағалау нәтижесінде білім бөлімінің басшысы атқарып отырған қызметінен босатылды. Жеті лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады Қостанай облысының прокуратурасы.
Осылайша прокурорлық тексеру аудандық білім бөліміндегі бюджет қаржысының жұмсалуына, мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне және материалдық құндылықтардың есебін жүргізуге қатысты бірқатар заңбұзушылықтың бетін ашты.