Өскемендегі дәмханада қызды ұрып-соққан оқушының ата-анасы жауапқа тартылды
Қаладағы дәмханалардың бірінде қыз баланы ұрып, балағаттаған 10 жастағы оқушының ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал бесінші сынып оқушысының өзі профилактикалық есепке қойылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жанжал арты төбелеске ұласқан
Мәлім болғандай, оқиға 11 қараша күні Қазахстан көшесі, 72-мекенжайда орналасқан Foxdrinks дәмханасында болған. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Оқиға туралы қала тұрғыны Threads әлеуметтік желісінде жазған. Оның сөзінше, сол күні кешкісін дәмханада екі қыз және бір ұл отырды. Үшеуі де оқушы.
Жазба авторының сөзінше, балалар өздерін дөрекі ұстап, келушілерге су шашып, киімдерін су қылған. Кейін оқушылар арасында жанжал туындап, арты төбелеске ұласты.
Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада баланың қызды ұрып, балағаттағаны көрінеді.
Оқиға куәгерін дәмхана қызметкерлерінің әрекетсіздігі де алаңдатқан. Әйелдің айтуынша, мекеме қызметкерлері балалар арасындағы жанжалға араласпады. Сонымен қатар ол кәмелетке толмаған балалардың кешкі сағат 21:00 шамасында ата-анасының қарауынсыз дәмханада жүргеніне назар аударған.
Полиция қандай шара қолданды
Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті мәліметінше, қоғамдық жерде ерсі қылық жасағандардың барлығы анықталды.
Тексеру барысында жанжалды бастаған баланың 10 жаста екені белгілі болды. Бесінші сыныпта оқиды. Ал жәбірленген қыз 12 жаста, алтыншы сынып оқушысы.
Оқиғадан соң бесінші сынып оқушысының ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Баланың өзі профилактикалық есепке қойылды. Сонымен қатар онымен және заңды өкілімен профилактикалық әңгіме жүргізілген.
«Материалдар одан әрі шара қабылдау үшін Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жолданды», – делінген Полиция департаменті мәліметінде.