Министр болашақтағы ең сұранысқа ие мамандықтарды атады
Мектеп түлектері техникалық емес, гуманитарлық пәндерге бейім болған жағдайда қай мамандыққа түскені дұрыс деген сұраққа Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Министрдің cөзінше, елде техникалық мамандарға сұраныс жоғары. Ал гуманитарлық бағытқа түсу әлдеқайда күрделі. Мәселен, биыл «Халықаралық қатынастар және дипломатия», «Аударма ісі» мамандықтарына 1 грантқа 16 адам таласқан. Сондықтан министр гуманитарлық ғылымдарға қызығатын оқушыларға басқа бағыттарды да қарастыруға кеңес берді.
«Қазір жасанды интеллекттің дамуының арқасында гуманитарлық мамандықтарда да бір ренессанс жүріп жатыр. Лингвистикада «корпустық лингвистика» деген ұғым бар – тілдің құрылымын зерттеу. Үлкен тілдік модельдердің дамуы барысында онда IT мамандары емес, лингвистер қажет. Себебі тілді дұрыс құрылымдап, алгоритмдерге енгізуді солар жасайды. Бұл Large Language Models («Үлкен тілдік модельдер») деп аталады». Яғни филолог емес, нақты тіл логикасын зерттейтін лингвистер ауадай қажет», – деді министр Cardiff University Kazakhstan-ның ашылу салтанатында.
Саясат Нұрбектің пікірінше, болашақта тағы бір сұранысы жоғары мамандық – психология.
«Біз қазір ерекше бір дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Адамдармен ғана емес, алгоритмдермен де жартылай байланыс орнатып отырмыз. Психологияда Human-Computer Interaction («Адам мен компьютердің өзара әрекеттесуі») деген танымал бағыт бар. Бұдан бөлек, ақпараттың тым көптігінен адамдардың жүйкесі жұқарып, күйзеліс күшейіп жатыр. Сондықтан адамның өмірін әртараптандыра алатын мамандар қажет. Қазір цифрлық детокс деген трендтер шығып жатыр. Осындай бағыттар өте қажет», – деп түйіндеді Саясат Нұрбек.