TOP-1ҚоғамСараптама

Мейрамбектің тойы: «Мерейтой» синдромы және той культінің насихаты

Мейрамбек Бесбаевтың 50 жасқа толуына арналған тойда әншінің домбырасы 15 миллион теңгеге сатылды. Бәссаудаға алдымен ақын Ақберен Елгезек қатысып, 4,4 миллион теңге ұсынды. Кейін Тоқтар Серіков бағаны 10 миллионға жеткізсе, Заттыбек Көпбосынұлы 15 миллион теңге ұсынып, домбыраны иеленді. Осылайша әншінің жеке мерейтойындағы бір ғана эпизод ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде кеңінен тараған жаңалыққа айналды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Фото: Instagram.com/ibragimovserik/

Бұл оқиға шоу-бизнестің экономикалық табиғатын да аңғартады. Танымал әнші үшін есім мен шығармашылық бедел тікелей табыс көзіне айнала алады. Ол концерт береді, тойға шақырылады, жарнамалық жобаларға қатысады. Тіпті жеке мерейтойының өзі ақпараттық оқиғаға, ал әлеуметтік желідегі жарияланымдар қосымша танымалдық алаңына айналады.

Ал ақын-жазушылардың жағдайы басқаша. Олардың мерейтойы көбіне бюджет есебінен ұйымдастырылады. Неге өнердің бір саласының өкілі өз мерейтойын нарық арқылы өткізе алады, ал екіншісі мемлекетке тәуелді? Бұл айырмашылық әдебиеттің нарыққа бейімделуі, мәдени саясаттың басымдықтары және қоғамдағы той культінің таралуы туралы ойлануға мәжбүр етеді.

Тойдың өзі де ақпараттық өнімге айналды

Фото: alash.kz

Танымал әнші Сәкен Майғазиевтің ұлы Әділеттің үйлену тойы 2025 жылдың жазында көпшіліктің назарын аударды. Алматыдағы салтанатқа 800-ге жуық адам шақырылып, тойды онлайн көру үшін Telegram-дағы жабық арнаға жазылу ұсынылды. Бір адамға жазылым құны 1 380 теңге болды. Кейін жарияланған мәлімет бойынша, ақылы арнаға 8 743 адам тіркеліп, жазылымнан түскен жалпы сома 12,17 миллион теңгеге жеткен.

Тойдың шығыны туралы әншінің жұбайы Динара Майғазиева да ашық айтты. Оның сөзінше, құдалықтағы жөн-жоралғы мен сыйлықтарды қоса есептегенде, 60-70 миллион теңгедей жұмсалған. Той иелері қонақтардан көлік, алтын-күміс әшекейлер мен жылқы алғанын да жасырмады.

Сәкен Майғазиевтің тойы дәстүрлі отбасылық салтанаттың жаңа медиа форматына көшкенін көрсетті. Тойға бара алмағандар оны ақылы трансляция арқылы тамашалады. Жеке отбасының қуанышы осылайша көрермен жинайтын контентке айналды. Ұйымдастырушылар мұны шығынды өтеудің жаңа тәсілі деп түсіндірді. Ал қоғамда тойды ақылы көрсету орынды ма деген пікірталас туды.

Баян Алагөзованың 50 жылдық мерейтойы да шоуға айналды. Продюсер туған күнін Канн кинофестивалінің форматына ұқсатып, қызыл кілем арқылы кіретіндей ұйымдастырды. Ресейлік әнші Валерий Меладзе кештің арнайы қонағы болды. Ол Баянмен бірге дуэт орындады. Тұрсын Алагөзов жұбайына осындай сый әзірлеген. Сондай-ақ, ол әйеліне Rolls-Royce көлігін тарту етті. Қайрат Нұртас болса, құны 5 мың доллар деп бағаланған сахналық костюмін сыйға берген.

Бұл мысалдардың бәрінде ортақ сипат бар: тойдың көлемі, қонақтардың мәртебесі, тарту-таралғы мен ерекше көріністер көпшілік талқысына түседі. Бірі қонақ саны арқылы, екіншісі жүлде қоры немесе сыйлықтарымен, үшіншісі онлайн көрсетілімінен түскен қаражатпен есте қалады. Тойдың өзі жеке отбасылық оқиғадан қоғамдық назар үшін бәсекеге түсетін көрініске айналады.

Мемлекет қаржыландыратын мерейтойдың шегі қандай?

Жеке адамдардың тойына жұмсалатын қаражат олардың өз шешіміне байланысты. Ал мемлекет қаржы бөлетін мерейтойдың шығыны бюджет тәртібі мен бекітілген нормативтерге бағынуға тиіс.

Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 16 ақпандағы №51 бұйрығында бюджет есебінен өткізілетін мәдени іс-шаралардың шығын нормалары белгіленген. Құжатта мерейтойға бөлінетін жалпы қаражаттың ең төменгі немесе ең жоғарғы мөлшері нақты АЕК-пен көрсетілмеген. Оның орнына шығынның жекелеген баптарына шектеу қойылған: залды жалға алу жалпы сметаның 10 пайызына дейін, қатысушылардың жолы мен тұруына 20 пайызға дейін, тамақтандыруға 20 пайызға дейін, көлік шығынына 5 пайызға дейін қарастырылған. Фото-видео түсірілімге, PR науқанына және баспа өнімдеріне әрқайсысына 1 пайыздан аспайтын қаржы қарастырылған. Мемлекеттік қаржыландыру бекітілген сметаның 100 пайызынан аспауға тиіс. Демек, норматив жалпы мерейтой бюджетінің көлемін шектемейді, оның ішіндегі шығындардың үлесін реттейді. Сондықтан ірі мерейтойларға бөлінетін қаржының көлемі іс-шараның ауқымы мен бекітілген сметаға тәуелді.

Фото: stan.kz

Мұндай шығынның миллиард теңгеге жетуі мүмкін екенін Абайдың 175 жылдығына арналған дайындық кезінде жарияланған мәліметтен көруге болады. 2020 жылы Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов мерейтойға министрлік тарапынан шамамен 3 миллиард теңге жоспарланғанын айтқан. Бұл сома әкімдіктер мен өзге мемлекеттік органдардың шығынын қамтымаған.

Абайдың 180 жылдығына қатысты да ашық дерек бар. Factcheck.kz 2025 жылы мерейтой аясында өткізілген 57 мемлекеттік сатып алу конкурсын анықтап, олардың жалпы сомасын 208,45 миллион теңге деп есептеген. Бірақ бұл барлық мерейтой шығыны емес, жарияланған сатып алу конкурстары бойынша жиналған сома ғана. Ал көзі тірі ақын-жазушылардың мерейтойына бөлінген бюджет ақшасының нақты есебі түгіл сметасы да жарияланбайды.

Ақын-жазушылардың мерейтойына қатысты мәселе тек бюджет қаржысының жұмсалуымен шектелмейді. Қаламгерлер арасында мерейтойды мемлекеттік деңгейде атап өтуді күту, ал ол орындалмаса, әлеуметтік желі арқылы наразылық білдіру де кездеседі. Мұндай жағдай қоғамда «мерейтой» синдромы туралы пікірталас туғызды.

Мысалы, 2019 жылы Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналған республикалық шараны ұйымдастыру жұмыстары сынға ұшырады. Жазушының туған ауданында өтетін салтанатқа санаулы күн қалғанда, оның ұрпақтарын жолақы және қонақүймен қамтамасыз ету мәселесі шешілмегені, ғылыми конференцияға қатысатын ғалымдар мен әдебиетшілер толық қамтылмағаны жарияланды. Бейімбет Майлин атындағы қор директоры Салтанат Мұстафина ұйымдастыру деңгейіне наразылық білдіріп, жазушының туған жеріндегі мерейтойға осындай салғырт қарауды сынға алды. Бұл жерде мәселе той-думанның аздығында емес, ұлт әдебиетіне үлес қосқан жазушының мерейтойын мазмұнды өткізуге жауапты органдардың дайындықсыздығында еді.

«Мерейтой» синдромы

Фото: Janr.kz

Ал зерттеуші Елдос Тоқтарбайдың Adebiportal-да жарияланған «Сенің мерейтойың кімге керек?» атты мақаласы мәселені басқа қырынан көтерді. Автор қырық жасқа толған бір қаламгердің туған жеріне өкпелеп, аудан әкімінен мерейтойын өткізуді күткенін жазған. Оның айтуынша, әлеуметтік желіде «Мені неге шақырмады?», «Мені неге ұлықтамады?», «Менің мерейтойымды неге өткізбеді?» деген мазмұндағы реніштер жиі кездеседі. Тоқтарбай кейбір қаламгерлердің шығармашылық еңбегінен гөрі мерейтой өткізуге, атақ пен қошемет алуға көбірек көңіл бөлетінін сынаған.

Бұл пікірталасқа 2023 жылы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов те жауап берген. Ол әлеуметтік желіде өмірден өткен ақын-жазушылардың мерейтойына қаржы жұмсаудың қажеті бар ма деген сыни пікірлер айтылып жүргенін жеткізген. Құлкеновтің ұстанымы бойынша, мерейтойлар қаламгердің шығармасын жаңа буынға таныстыруға, әдеби мұраны оқырман жадында жаңғыртуға қызмет етеді.

Бұл мысалдар мерейтойға қатысты қоғамда бір-біріне қарама-қайшы екі көзқарас барын аңғартады. Бір тарап тарихи тұлғалардың мерейтойын лайықты атап өтуді мәдени міндет санайды. Екінші тарап әрбір қаламгердің жеке мерейтойын бюджет есебінен өткізуге міндетті емеспіз деп есептейді. Ал қаламгерлердің өз ортасында да мерейтойды шығармашылық еңбектің бағасы ретінде қабылдайтындар мен оны атақ-даңққа ұмтылудың құралына айналдырғандарды ажырату қажеттігі айтылып жүр.

Той культі қалай қалыптасады

Фото: Aia.kz

Танымал адамдардың тойы мен мерейтойы ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен тараған сайын, салтанаттың мазмұнынан гөрі оның ауқымы мен сән-салтанаты көбірек талқыланады. Қанша адам шақырылды, қандай сыйлық берілді, қанша ақша жұмсалды, қандай әнші өнер көрсетті деген сұрақтар алдыңғы орынға шығады.

Мұндай жарияланымдар аудиторияға жай ғана жаңалық жеткізбейді. Олар тойды көпшілікке көрсетудің, қымбат сыйлық пен мол дастарқанды қалыпты құбылыс ретінде қабылдаудың үлгісін қалыптастырады. Әсіресе танымал тұлғалардың жеке өміріндегі салтанаттар тұрақты түрде осындай өлшемдермен бағаланса, қарапайым отбасыларға да тойды сол деңгейде өткізуге әлеуметтік қысым тууы мүмкін.

Мәселе мерейтойда домбыраның 15 миллион теңгеге бағалануында емес. Әркім өз қаражатын қалай жұмсайтынын өзі шешеді. Мәселе осындай оқиғалардың ақпараттық кеңістікте қалай ұсынылатынында. Тойдың сән-салтанатын жарыса жариялау оны жеке қуаныш шеңберінен шығарып, қоғамда бәсекеге түсетін мәртебе өлшеміне айналдырады.

Той жасау – әр адамның жеке таңдауы. Біреу мүмкіндігіне қарай шағын дастарқан жаяды, енді бірі жүздеген қонақ шақырып, қымбат сыйлықтар мен ерекше шоу ұйымдастырады. Бірақ танымал адамдардың осындай салтанаттары ақпарат кеңістігінде үздіксіз насихатталған кезде, қоғамда тойдың өлшемі де өзгере бастайды. Қуаныштың мәні емес, оның қаншалықты қымбат әрі ауқымды өткені талқыланады. Сөйтіп, той жақындармен бас қосатын отбасылық рәсімнен әлеуметтік мәртебені көрсетудің құралына айналады.

Мұның салдары қарапайым отбасыларға да әсер етуі мүмкін. Танымал адамдардың сән-салтанатына қарап бой түзеген жұрт өз мүмкіндігінен тыс шығынға баруға, қарыз алуға немесе ел алдындағы абыройын тойдың ауқымымен өлшеуге бейімделуі ықтимал. Әрине, мұны әрбір қымбат тойдың тікелей салдары деп айтуға болмайды. Алайда ақпарат кеңістігінде осындай оқиғаларға басымдық берілуі тұтынушылық бәсекені қалыпты құбылыс ретінде қабылдауға итермелейді.

Сондықтан мәселе Мейрамбектің домбырасының 15 миллион теңгеге сатылуында немесе Баян Алагөзованың мерейтойына қымбат сыйлық жасалуында емес. Мәселе – қоғамның нені үлгі тұтатынында. Егер ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер тойдың құнын, қонақтардың мәртебесін және сыйлықтардың бағасын алға шығара берсе, той культінің таралуына өздері де үлес қосады. Ал мерейтойдың шынайы құндылығы жұмсалған ақшамен емес, адамның өмірі мен еңбегіне берілген бағамен өлшенуге тиіс.

Back to top button