«Қар күтіп еді, доллар жауды»: Астанадағы доллар оқиғасы мемге айналды
Астанадағы «Атлант» тұрғын үй кешенінің ауласында шашылып жатқан доллар купюралары бейнеленген видеолар әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Қазақстандықтар тосын оқиғаны әзілге айналдырып, бірі дәл сол жерде болмағанына өкінсе, енді бірі 80 миллион доллардың теңгемен қанша болатынын есептеуге кіріскен. Tizgin.kz тілшісі Threads желісіндегі көпшіліктің назарын аударған жазбаларға шолу жасады.
«Ақша аспаннан жаумайды деуші еді…»
12 қараша күні таңертең Астанадағы «Атлант-6» тұрғын үй кешенінің ауласында доллар купюраларына ұқсас ақша мен чемодандар жатқан бейнежазбалар тарады. Кадрларда жерде шашылып жатқан ақша бумалары мен оқиға орнына келген полиция қызметкерлері көрінеді. Бейнежазба көп ұзамай әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, қолданушылардың әзіл-қалжыңына айналды.
Желі қолданушыларының бірі «ақша аспаннан жаумайды» деген сөздің Астанада жүзеге асқанын айтып әзілдесе, енді бірі сол күні әдеттегі бағытын өзгертіп, оқиға орнынан өтпей қалғанына өкініш білдірген.
Threads пен басқа да әлеуметтік желілерде мынадай мазмұндағы әзілдер тарады:
- «Астаналықтар қар күтіп еді, доллар жауды».
- «Неге дәл мен сол уақытта сол жерде болмадым?»
- «Алматыда арықтар бітеледі, Астанада доллар жауады».
- «Арманым – ақша толы чемодан табу, шындығым – коммуналдық төлемнің түбіртегін табу».
- «Дәл керек күні Астананың желі де соқпапты».
Әлеуметтік желі қолданушыларының кейбірі Астананың әдетте қатты соғатын желін еске алып, дәл сол күні оның ақша бумаларын алысқа ұшыратпағанын әзілге қосқан. Ал басқалары күтпеген олжаны елестетіп, таңертең серуендеуге шықпағанына қалжыңмен өкініш білдірді.
«Бүгін қазақстандықтардың басты сұранысы…»
Threads қолданушысы @bekzat.sauran.01 қазақстандықтардың сол күнгі басты қызығушылығын әзілмен жеткізген.

«Сегодняшний самый основной запрос казахстанцев!» – деп жазған ол Google іздеу жүйесінен «80 млн долларов в тенге» деген сұраныстың скриншотын жариялады.
Суретте 80 миллион доллардың шамамен 36,1 миллиард теңгеге тең екені көрсетілген. Жазба желі қолданушыларының назарын аударды. Айта кетейік, 80 миллион доллар – әлеуметтік желіде талқыланған сома. Астанадағы тұрғын үй кешенінің ауласынан дәл осынша ақша табылғаны ресми түрде расталған жоқ.
Ал @qundiz_nurtayqizi есімді қолданушы тұрғын үй кешеніндегі жағдайды әзілге айналдырып, адамдардың оқиға орнына жаппай бармағанына таңғалған.

«Мына 8 чемодан ақшаны тастай салған көкемдерді айтам… Қызық и! Тредске бір ауыз «Астана, ЖК Атлант, 6:30» деп жаза салса, 2–3 адам болсын ыржиып сол маңайда жүретін едік қой. Ал не болды ал? Қалай келді, солай кетті немесе қайдан келді, сонда кетті», – деп жазған ол.
Жазба авторы ақшаның қайдан пайда болғанын ғана емес, оны ешкімнің алып кетпегенін де әзілге қосқан.
«Көруге болады, ал ұстауға болмайды»
Астанадағы тосын жағдайға байланысты әзілдердің тағы бірі оқиға орнында жүрген полиция қызметкерлеріне қатысты айтылды. Threads қолданушысы @theta_healing_dana тұрғын үй кешенінің ауласындағы жағдайды бейнелейтін суретті жариялап, мынадай жазба қалдырған:
«Ладно мы, сидя дома, мечтаем оказаться у ЖК АТЛАНТ, каково было операм, которые стояли и не смогли забрать эти деньги?»

Ол жазбасын «Бұл – көруге болады, бірақ ұстауға болмайды деген жағдайлардың бірі» деген әзілмен түйіндеген. Суретте тұрғын үй кешенінің ауласында шашылып жатқан купюралар мен сол маңдағы полиция көлігі көрінеді.
Ал @serik_joldasbai есімді қолданушы оқиға орнына барып, сол жерде түскен суретін жариялаған.

«Әбетке 100 доллар қалды ма деп келіп ек, дым қалмапты», – деп жазған ол.
Оның жазбасы да көпшіліктің қызығушылығын тудырған. Осылайша, қазақстандықтар тосын оқиғаға қатысты әзілдерін желіде жариялап қана қоймай, ақша шашылған тұрғын үй кешенінің маңына барып суретке түсуді де қалжыңға айналдырған.
«Доллардан шашу»: тұрғын үй кешені де мемге айналды
Әлеуметтік желі қолданушылары оқиғаны қазақтың шашу дәстүрімен де байланыстырды. Кейбірі тұрғын үй кешеніндегі жағдайды «доллардан шашу» деп атап, мұндай шашудың бұрын-соңды болмағанын әзілмен жеткізді. Тағы бір қолданушылар белгілі фильмдердегі аспаннан ақша жауатын көріністерді еске түсіріп, оқиғаға қатысты әзіл суреттер мен бейнероликтер жариялаған.
Желіде енді бұл кешендегі пәтерлерді сататын риелторларға ерекше жарнамалық мүмкіндік туғаны айтылды. Қолданушылардың пікірінше, тұрғын үйдің артықшылықтарын тізгенде «ауласында доллар жауған» деген деректі де қосуға болады.
Тұрғындардың ортақ чатында да әзілдер айтылған. Олардың бірі бұл оқиғаны өз үйлері үшін «кәдімгі бейсенбі» деп сипаттаса, енді бірі пәтер иелеріне салық өсіп кетпесе болғаны деген қалжың айтқан. Тіпті тұрғындардың бірі итін аулада серуендету үшін 100 долларға жалға беруге дайын екенін айтып әзілдеген. Осылайша, бір күн ішінде қарапайым тұрғын үй кешені әлеуметтік желілердегі ең көп талқыланған орындардың біріне айналды.
Доллар толы чемодандар қайдан пайда болды
Әлеуметтік желідегі әзілдермен қатар, тұрғын үй кешенінің ауласында шашылып жатқан ақшаның қайдан шыққаны туралы сұрақтар да көбейді. Бұған дейін Астанадағы «Атлант-6» тұрғын үй кешенінің ауласынан чемодандар мен доллар купюраларына ұқсас ақша табылғаны хабарланған болатын. Оқиға орнынан тараған кадрларда полиция қызметкерлерінің жүргені көрінеді.
Әлеуметтік желілерде ақшаның тұрғын үйдің жоғарғы қабаттарынан түскені туралы да болжамдар айтылды. Алайда табылған ақшаның нақты сомасы, купюралардың түпнұсқалығы және олардың кімге тиесілі екені туралы ресми мәлімет әзірге жарияланған жоқ.
Бұл оқиға «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғаны туралы ақпаратпен тұспа-тұс келді. 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті екі басшының сыбайлас жемқорлық қылмысына күдікпен ұсталғанын растады. Әлеуметтік желілерде осы екі оқиғаның арасында байланыс болуы мүмкін деген болжамдар тарағанымен, құзырлы органдар мұндай байланысты ресми түрде растаған жоқ.
Ал қазақстандықтар үшін 12 қарашадағы «доллар жаңбыры» әлеуметтік желілердегі ең көп талқыланған тақырыптардың біріне айналды. Бірі миллиондарды теңгеге айналдырып есептесе, енді бірі оқиға орнына кешігіп барғанын әзілге қосқан. Сөйтіп, Астанадағы тосын жағдай бір күннің ішінде түрлі мемдер мен қалжыңдардың тақырыбы болды.