Жаңалықтар

Жолдау: республикалық жұмыс тобы түркістандықтармен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында республикалық жұмыс тобы Түркістан қалалық Мәдениет үйінде қала тұрғындарымен, зиялы қауым өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, делегация құрамында ҚР Құрылтайының депутаты Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Абдулла Исматуллаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова және ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев бар. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов қатысты.

Басқосуда экономиканы жаңғырту, шағын және орта бизнесті дамыту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өңдеу, сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. Жиын барысында жұмысшы топ өкілдері тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, азаматтардың сұрақтарына жауап берді.

Жұмысшы топтың келесі кездесуі облыстық жедел медициналық жәрдем станциясында жалғасты. Республикалық топ денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен жүздесіп, Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндірді. Кездесуде әлеуметтік саланың сапасын арттыру, медициналық қызмет көрсету жүйесін жетілдіру, инфрақұрылымды дамыту және саланы жаңғырту мәселелері талқыланады. Жалпы республикалық жұмыс тобының Түркістан облысына сапары Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген басым бағыттарды кеңінен түсіндіруге, мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерін тұрғындармен талқылауға және өңірдің өзекті мәселелері бойынша ұсыныстарды ортаға салуға бағытталған.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button