Жаңалықтар

Қазақстанда 445 мыңнан астам адам жұмыссыз жүр

2026 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстандағы жұмыссыздар саны 445,6 мың адамды құрады. Бұл елдегі жалпы жұмыс күшінің 4,5%-ына тең. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының мәліметінде айтылған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қазақстанда қанша адам жұмыс істейді

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биыл шілде-қыркүйек айларында елдегі жұмыспен қамтылғандар саны 9 миллион адамды құрады. Олардың 7 миллионы жалдамалы қызметкер ретінде жұмыс істейді. Ал қалған 2 миллион адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатады. Яғни олар жеке кәсіппен немесе өзге де дербес еңбек қызметімен айналысады.

Осылайша, Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі үшінші тоқсанда 4,5% болды. Бұл көрсеткіш жұмыс істеуге қабілетті барлық тұрғындардың емес, экономикалық белсенді халықтың, яғни жұмыс күшінің арасындағы жұмыссыздар үлесін білдіреді.

Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі қандай

Статистикаға сәйкес, 15 пен 34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,9%-ды құрады. Елде жұмыс істемейтін, білім алмайтын және кәсіби даярлықтан өтпеген жастар да бар. Олардың аталған жас тобындағы үлесі 5,6%-ға жеткен.

2026 жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша, жұмыспен қамту органдарында ресми тіркелген жұмыссыздар саны 346,9 мың адамды құрады.

Айта кетейік, ресми тіркелген жұмыссыздар саны мен елдегі жалпы жұмыссыздар көрсеткіші бірдей емес. Жалпы жұмыссыздық деңгейі халық арасында жүргізілетін статистикалық зерттеу негізінде есептелсе, тіркелген жұмыссыздар саны жұмыспен қамту органдарының есебіне сүйенеді.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button