TOP-1Сараптама

Аспаннан доллар жауған күн: Шенеуніктер неге ақшасын чемоданда сақтайды

Астанадағы «Атлант-6» тұрғын үй кешенінің ауласынан ақша нығалған чемодан мен доллар банкноттары шашылған видео тарады бүгін. Осы оқиғамен қатар «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғаны белгілі болды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитеті екі топ-менеджердің 11 қарашада аса ірі мөлшерде пара алуға оқталу күдігімен ұсталғанын растады. Телеграм-арналар осы екі оқиғаны бір-бірімен байланыстырған бейресми болжамдар таратып жатыр. Бұл біздің есімізге үйінде қыруар ақшаны қолма-қол ұстағаны әшкере болған шенеуніктердің бірнеше кейсін түсірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қазақстанда мұндай көрініс алғаш рет болып отырған жоқ. Бұған дейін де жоғары лауазымды шенеуніктердің баспанасы мен меншігіндегі нысандарын тінту кезінде миллиондаған доллар, қомақты теңге, алтын бұйымдар мен қымбат сағаттар табылған. Кейбір істер сот үкімімен аяқталса, енді бірінде күдіктілер ақталған. Ал бұдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын марқұм Заманбек Нұрқаділов өз отбасының сейфінен 1 млн доллар ұрланғанын мәлімдеген еді.

Заманбек Нұрқаділовтің үйінен ұрланған 1 млн доллар

2004 жылдың наурызында Заманбек Нұрқаділов «Азаттық» радиосына берген сұхбатында жұбайы, әнші Мақпал Жүнісованың сейфінен шамамен 1 млн доллар ұрланғанын растады. Оның айтуынша, ақша Алматыдағы үйінің екінші қабатында тұрған сейфтен алынған. Нұрқаділов бұл қаражатты жұбайының 22 жылдық шығармашылық қызметінен түскен табыспен байланыстырды. Әнші концерттерден, кассеталар мен дискілер сатудан, сондай-ақ коллекционерлерге жеке заттарын өткізуден ақша жинағанын айтқан.
Нұрқаділов ұрлыққа өзінің бұрын 17 жыл жұмыс істеген қызметкері қатысы болуы мүмкін деп күдіктенген. Алматы қалалық ішкі істер басқармасы аталған қылмыстық іс қозғағанмен ұрлықтың барлық мән-жайы сол күйі ашық жарияланбады.

Экологтың үйінен 15 млн теңге мен 58 алтын бұйым табылды

2010 жылы Тобыл-Торғай экология департаментінің басшысы Ақылбек Дадин пара алды деген күдікпен ұсталды. Оның үйін тінту кезінде 15 млн теңге, 3 мың доллар, 58 түрлі алтын әшекей және басқа адамдардың атына рәсімделген жылжымайтын мүлік құжаттары табылды.

Сот отырысында Дадин 15 млн теңгенің туысына тиесілі екенін, ол ақшаны уақытша сақтауға қалдырғанын айтты. Ал 3 мың долларды Мәскеуде емделу үшін жинағанын мәлімдеді. Оның ұлы да туысының ақшасы екенін растайтын қолхат барын жеткізген.

Алайда 2010 жылғы қазанда сот Дадинді ірі көлемде пара алғаны үшін кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айырды. Үйінен табылған 15 млн теңге мен 3 мың долларды тәркілеу туралы шешім шығарылды.

Вице-министрдің терезесінен лақтырылған 100 мың доллар

2013 жылдың 21 желтоқсанында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүсілім Өмірияев ұсталған кезде оның үйінің жанында күтпеген жағдай болған. Жедел-тергеу шараларын жүргізіп жатқан қаржы полициясының қызметкерлері көпқабатты үйдің жоғарғы қабатынан көшеге пакет лақтырылғанын көрген. Кейін оның ішінен 100 мың доллар табылғаны айтылды.

Бұл жайт 2014 жылы сот отырысында белгілі болды. Қаржы полициясы жүргізген тергеу нұсқасы бойынша, ақша вице-министрге аусылға қарсы вакцина сатып алу жөніндегі мемлекеттік конкурсқа кәсіпкердің қатысуына көмектескені үшін берілген.

Өмірияев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Бірақ 2014 жылғы қазанда сот оны кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Кейін Жоғарғы сот оның әрекетін басқа бап бойынша қайта саралап, жазасын жеңілдетті.

СІМ бұрынғы хатшысы және 1,5 млн доллар

2018 жылдың тамызында Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысы Анарбек Қарашевтің үйін тінту кезінде 1,5 млн доллар, ал ведомствоның бұрынғы қызметкері Бақыт Нүрекеновтен 200 мың доллар әтркіленген хабарланды. Бұл туралы сол кездегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары кезінде Олжас Бектенов (қазір Үкімет басшысы) мәлімдеген.

Тергеу Қарашевке қарамағындағы қызметкерлерден заңсыз сыйақы алу, туысына тиесілі компанияның мемлекеттік сатып алуға қатысуына ықпал ету және Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінің құрылыс-жөндеу жұмыстарына қатысты заңсыздықтар бойынша айыптар таққан.

Алайда бұл істің соттағы нәтижесі бастапқы айыптаудан өзгеше болды. 2020 жылы Қарашев лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін сотталғанмен, 2022 жылдың тамызында апелляциялық сот оны ақтады. Сот алқасы қылмыс құрамын растайтын залал мен себеп-салдар байланысы дәлелденбегенін көрсетті. Демек, үйінен 1,5 млн доллар табылғаны ресми хабарланғанмен, бұл соманың пара екені сотта дәлелденген жоқ.

Павлодар шенеуніктерінің үйінен табылған 160 мың доллар мен тоғыз сағат

2018 жылғы қыркүйекте Павлодар облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ернұр Байғұрманов пен Экономикалық тергеу қызметінің басқарма басшысы Азамат Бейсембаев ұсталды. Олардың үйі мен жұмыс орындарын тінткенде 160 мың доллардан астам ақша, 10,5 млн теңге және тоғыз қымбат швейцариялық сағат табылған.

Тергеу нұсқасы бойынша, шенеуніктер кәсіпкерді 1,1 млрд теңге көлеміндегі салықтан жалтарту үшін 100 мың доллар алған. Кейін БАҚ жариялаған сот материалдарында пара сомасы 62 млн теңге деп те көрсетілді. 2019 жылы сот үш айыпталушыны ақтады.
Кәрім Мәсімовтің сарайынан шыққан 17,2 млн доллар

2022 жылы Қаңтар оқиғаларынан кейін ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті сол жылдың наурызында оның Премьер-министр қызметін атқарған кезеңінде бизнес-құрылымдардың бірінен Астанадағы құны шамамен 2,5 млрд теңге болатын элиталық тұрғын үй мен жер телімін алу фактісін тексеріп жатқанын хабарлады.

Мәсімов ұсталғаннан кейін осы тұрғын үйден 17,2 млн доллар қолма-қол ақша, алтын құймалар, қымбат сағаттар, антиквариат және басқа да бағалы заттар алынған. Бұдан бөлек, оның жақын адамдарынан 5,1 млн доллар тәркіленгені айтылды. ҰҚК тағы бір тергеу бағыты бойынша шетелдік мемлекет өкілдерінен 2 млн доллар пара алу күдігін тексеріп, осы соманы Гонконгтан Қазақстанға қайтарғанын хабарлады.
2023 жылдың сәуірінде сот Мәсімовті мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алуға оқталу және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша кінәлі деп танып, 18 жылға бас бостандығынан айырды. Оның мүлкін тәркілеу туралы да шешім шығарылды.

Қарапайым қазақстандықтар жинағын қайда сақтайды

Шенеуніктердің үйлерінен табылған миллиондар қарапайым азаматтардың ақша жинау әдетімен салыстырғанда ерекше көрінеді. Ұлттық банктің 2025 жылғы ақпанда 18 жастан асқан 1 500 адам арасында жүргізген сауалнамасында жинағы бар респонденттердің 84 пайызы ақшасын банк депозиттерінде сақтайтынын айтқан. Қолма-қол ақша ұстайтындар – 28%, жылжымайтын мүлікке қаржы салатындар – 17%, бағалы қағаздарға инвестициялайтындар – 12%. Бір адам бірнеше тәсілді қатар таңдағандықтан, көрсеткіштердің қосындысы 100 пайыздан асады.

Яғни, халықтың басым бөлігі жинағын банк жүйесінде ұстаса, қолма-қол ақша сақтауды таңдағандардың үлесі одан әлдеқайда төмен.

Ал «Атлант» ауласындағы банкноттардың иесі кім екені, олардың түпнұсқа долларға жататыны және бұл оқиғаның Жақыпов пен Отыншиевке қатысты тергеумен байланысы бар-жоғы әзірге белгісіз.

Back to top button