TOP-2Жаңалықтар

Нұрлан Жақыпов ұсталғаннан кейін «Самұрық-Қазына» қоры мәлімдеме жасады

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталуына байланысты ресми түсініктеме берді. Қор құқық қорғау органдарына жан-жақты қолдау көрсетіп, тергеуге қажетті ақпарат пен құжаттарды ұсынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Самұрық-Қазына» тергеуге көмектесетінін мәлімдеді

Қордың баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта уәкілетті органдар қылмыстық істің мән-жайын анықтау үшін тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.

«Қор қолданыстағы заңнама аясында құқық қорғау органдарымен қажетті өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп, сұратылған ақпарат пен материалдарды ұсыну арқылы жан-жақты жәрдем көрсетуде», – деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғанын ресми түрде растаған. ҰҚК мәліметінше, оларды және басқа да бірнеше адамды 2026 жылғы 11 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің мамандары ұстаған.

Ұсталғандар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. Ведомство қылмыстық істің нақты мән-жайын әзірге жариялаған жоқ. ҰҚК сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысына қатысты өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейтінін хабарлады.

Нұрлан Жақыпов туралы не белгілі

Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы қызметіне 2023 жылғы 3 сәуірде тағайындалған. Ол 1978 жылғы 31 наурызда дүниеге келген. Ресей Сыртқы істер министрлігіне қарасты Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген.

Еңбек жолында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының басқарма мүшесі, «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы және Kazakhstan Investment Development Fund Management Company компаниясының басшысы қызметтерін атқарған. 2026 жылдың қаңтарында Жақыповтың 2022–2024 жылдар аралығындағы кірістері туралы декларациялық мәліметтер жарияланды.

Құжаттарға сәйкес, ол:

  • 2022 жылы – 422 182 000 теңге;
  • 2023 жылы – 186 543 551 теңге;
  • 2024 жылы – 197 259 412 теңге кірісін декларациялаған.

Үш жылда декларацияланған кірістің жалпы көлемі 805 984 963 теңгені құраған.

Айта кетейік, бұл сомалар Жақыповтың тек жалақысын білдірмейді. Декларацияда жеке тұлғаның өзі салық салуға тиіс кірістері көрсетілген. Олардың құрамына инвестициялардан немесе мүлік операцияларынан түскен табыс та кіруі мүмкін.

Бектенов қор басшылығын бұған дейін сынаған

Нұрлан Жақыповтың ұсталуынан бірнеше күн бұрын, 4 қарашада, Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қоры директорлар кеңесінің отырысын өткізген. Жиында қордың 2026 жылғы тоғыз айдағы қызметінің нәтижелері, қаржылық және өндірістік көрсеткіштері, сондай-ақ ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы қаралған. Отырыста Үкімет басшысы бірқатар инвестициялық жобаның белгіленген мерзімнен кешігіп жатқанын сынға алған.

Бектенов қор мен оның еншілес компанияларының басшылығына жобаларды уақытылы іске асыруға бақылауды күшейтуді тапсырған. Сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді қолдау және сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтердегі жергілікті қамту үлесін арттыру мәселесіне назар аударылған. Қордың ресми мәліметінше, сол кезде жалпы құны 43,8 триллион теңге болатын 69 ірі инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысы талқыланған.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button