Қазақстандықтардың 52,4 пайызы саясатқа қызығады – сауалнама
Ел тұрғындарының жартысынан астамы елдегі қоғамдық-саяси оқиғаларға қызығушылық танытады. Дегенмен азаматтардың едәуір бөлігі саяси процестерге қатыспайды және мемлекеттік шешімдерге ықпал ету мүмкіндігіне күмәнмен қарайды. Бұл жөнінде DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросының «Қазақстан азаматтарының саясатқа араласуын бағалау» атты зерттеуінде белгілі болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Саясатқа қызығатындар үлесі қанша
Айта кетейік, сауалнама осы жылғы 5-27 қазан аралығында жүргізілді. Зерттеуді MediaNet Халықаралық журналистика орталығы PAPERLAB зерттеу орталығымен бірлесіп, Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен ұйымдастырған. Зерттеу нәтижесіне сенсек, сауалнамаға қатысқандардың 52,4 пайызы Қазақстандағы қоғамдық-саяси оқиғаларға қызығушылық танытатынын айтқан. Ал 44,3 пайызы елдегі саяси жағдайды бақыламайтынын жеткізген.
Сонымен қатар азаматтардың саясатқа қызығушылығы олардың мемлекеттік шешімдерге ықпал ете алатынына сенетінін білдірмейді.
Респонденттердің 44,7 пайызы Қазақстанда саяси процестерге ықпал етудің нақты тетіктері бар екеніне сенбейді. Оның ішінде 28,4 пайызы бұған мүлдем сенбейтінін, 16,3 пайызы негізінен сенбейтінін айтқан.
Ал азаматтардың саяси өмірге араласып, шешімдерге ықпал ете алатынына сенетіндердің үлесі 48,2 пайызды құраған.
Қоғамдық-саяси өмірге араласпайтындар көп пе
Зерттеу барысында респонденттерден соңғы 12 айда қандай қоғамдық-саяси қызмет түрлеріне қатысқаны да сұралған.
Нәтижесінде ең кең тараған белсенділік түрі сайлау мен референдумда дауыс беру болған. Бұл нұсқаны сауалнамаға қатысқандардың 44,7 пайызы таңдаған.
Ал азаматтардың мемлекеттік органдармен байланыс орнатудың басқа тәсілдерін пайдалану белсенділігі әлдеқайда төмен.
Мәселен, респонденттердің 9,6 пайызы мемлекеттік органдарға, соның ішінде e-Otinish платформасы арқылы өтініш жолдаған. 2,8 пайызы e-Petition платформасындағы петицияларға қол қойған. Ал 2,2 пайызы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы мемлекеттік органдарға жүгінген.
Сонымен бірге сауалнамаға қатысқандардың 48,7 пайызы соңғы бір жылда қоғамдық-саяси процестерге мүлдем қатыспағанын мәлімдеген.
Зерттеушілер азаматтардың мемлекеттік шешімдер өздерінің немесе отбасының мүддесіне кері әсер еткен жағдайда қандай әрекетке баратынын да анықтаған.
Нәтижесінде респонденттердің 54,5 пайызы мұндай жағдайда ешқандай азаматтық қадам жасауға дайын емес екенін айтқан. Олардың 31 пайызы мұндай әрекеттерден ешқандай нәтиже шықпайды деп есептейді.
Ал 40,5 пайызы өзіне және отбасына кері әсер ететін мемлекеттік шешім қабылданса, белгілі бір азаматтық әрекет жасауға дайын екенін жеткізген.
Бұл ретте жастардың белсенділік танытуға дайындығы жоғары болып шыққан. 18-29 жас аралығындағы азаматтардың 54,2 пайызы өз мүддесіне қайшы шешім қабылданған жағдайда әрекет етуге дайын екенін айтқан.
Билік институттарына сенім деңгейі
DEMOSCOPE зерттеуінде азаматтардың негізгі мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейі де бағаланған.
Сауалнама нәтижесіне сәйкес, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенетіндердің үлесі 62,5 пайызды құраған. Ал респонденттердің 18,2 пайызы Мемлекет басшысына сенбейтінін білдірген.
Үкіметке сауалнамаға қатысқандардың 50,2 пайызы сенім білдірсе, 29,5 пайызы сенбейтінін айтқан. Жергілікті әкімдіктерге сенетіндердің үлесі 50 пайызды, ал сенбейтіндердің көрсеткіші 32 пайызды құраған.
Зерттеу авторлары бұл көрсеткіштерді осы жылғы ақпандағы сауалнама нәтижелерімен салыстырған. Сегіз ай ішінде негізгі билік институттарына деген қоғамдық сенім деңгейінде айтарлықтай өзгеріс байқалмаған.
Осылайша, зерттеу қазақстандықтардың жартысынан астамы саясатқа қызығушылық танытқанымен, азаматтық белсенділік пен қоғамдық-саяси процестерге тікелей қатысу деңгейі әлдеқайда төмен екенін көрсеткен.