Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы Ішкі істер министрлігіне сондай адамдарды жазаға тарту керектігін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“БОЛАШАҚҚА БАС ҚАТЫРМАЙДЫ”
Шенеуніктің сөзінше, Қазақстан Конституциясы қос азаматтыққа тыйым салады. Бірақ соған қарамастан кейбірі екінші азаматтығын жасырып, республика көлемінде барлық құқыққа ие болып жүр.
– Ерекше уайымдатып отырғаны сол, заңнан аттау фактілері тіркелсе де, ол адамдар айыппұл төлеп құтылып кетіп кетуде. Әкімшілік құқық бұзу кодексіне сәйкес, бұл шамамен 690 мың теңге. Құқық қорғау органдары қолданатын әрекеттің тек әкімшілік шарамен шектелуіне сәйкес қос азаматтығы барлар кез келген уақытта елден кедергісіз кете алады. Кейбір елден экстрадициялау мүмкін емес болғандықтан тергеу жүргізу үшін қолжетімсіз. Екінші азаматтығын кімдер жасырып жүр? Олар Қазақстан азаматы болмағандықтан, елдің болашағына бас қатырмайды. Кетуге қолайлы уақытты күтеді, – деді депутат.
Одан бөлек, барлық құқыққа ие болса да, ел азаматы ретінде міндеттерін орындамайтындарын жеткізді.
МИНИСТР ҚОЛДАЙ МА
– Енді мен қос азаматтық бойынша қолданылатын жазаны қатаңдату бойынша заңға өзгеріс пен түзетулер енгізілуі үшін бастама көтеремін. Әкімшілік жазадан қылмыстық жазаға өтуі тиіс. Әріптестерім мені қолдайды деп сенемін. Ішкі істер министрілігі мені қолдай ма екен? – деді Болатбек Нәжметдинұлы. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов депутаттың айтқанына қосылып, мұндай жайттың жиілеп тұрғанын жоққа шығармады.
– Дұрыс айтасыз. Қос азаматтықты пайдаланып жатқандар көп. Оның ішінде, қылмысқа қатысы барлар да болуы мүмкін. Сол үшін мұны талқылауға дайынбыз, – деді министр.