TOP-2Білім

Конституциялық сотқа шағымданған мұғалім неге жеңілді

Қазақстанның Конституциялық соты әдепке жат қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған мұғалімнің шағымын қарады. Арызданған мұғалім заңда мұндай әрекеттің нақты белгілері мен бағалау өлшемдері көрсетілмегенін алға тартып, бұл заң жұмыс берушілерге заң нормасын өз қалауынша түсіндіруге мүмкіндік беретінін мәлімдеген. Алайда Конституциялық сот оның уәждерін негізсіз деп тапты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Даудың туындауына Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 14) тармақшасы себеп болған. Аталған норма бойынша, тәрбиелеу функцияларын атқаратын қызметкер еңбек міндетін одан әрі жалғастырумен сыйыспайтын моральға жат қылық жасаса, жұмыс беруші онымен еңбек шартын бұза алады.

Мұғалімнің уәжі

Конституциялық соттың мәліметінше, арызданушы мектептің педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесінің шешімі негізінде жұмыстан шығарылған. Алайда ол бұл шешіммен келіспей, алдымен келісу комиссиясына, кейін сотқа жүгінген. Соған қарамастан, іс бойынша қабылданған сот актілері өзгеріссіз қалған. Осыдан кейін мұғалім Конституциялық сотқа шағым түсіріп, Еңбек кодексіндегі даулы норманың Ата заңға сәйкестігін тексеруді сұраған.

Арызданушының пікірінше, қолданыстағы заңнамада «моральға жат қылық» ұғымының нақты құқықтық белгілері мен объективті өлшемдері жоқ. Соның салдарынан жұмыс беруші қызметкердің қандай әрекеті әдепке қайшы екенін өз пайымына сүйеніп бағалауы мүмкін. Ал бұл еңбек қатынастарында заңды әртүрлі түсіндіруге және негізсіз шешімдер қабылдауға жол ашады. Мұғалім мұндай құқықтық белгісіздік өзінің еңбек ету және сот арқылы қорғалу құқықтарына нұқсан келтіреді деп есептеген.

Дегенмен Конституциялық сот жариялаған ақпаратта арызданушының нақты қандай әрекеті үшін жұмыстан шығарылғаны көрсетілмеген.

Конституциялық сот қандай шешім қабылдады

Істі қараған Конституциялық сот «моральға жат қылық» ұғымының заңда егжей-тегжейлі түсіндірілмеуі оның Конституцияға қайшы екенін білдірмейді деген қорытындыға келді. Соттың түсіндіруінше, бұл ұғым бағалау сипатындағы құқықтық санатқа жатады. Сондықтан әдепке жат әрекеттердің барлығын заңда алдын ала тізіп көрсету мүмкін емес. Өйткені белгілі бір әрекеттің қаншалықты орынсыз екенін анықтау үшін нақты жағдайды ғана емес, оның әлеуметтік, мәдени және кәсіби мәнмәтінін де ескеру қажет.

Сонымен қатар Конституциялық сот Қазақстан заңнамасында адамгершілік пен кәсіби әдепке қатысты нормативтік талаптар бұрыннан белгіленгенін атап өтті. Атап айтқанда, педагогтерге арналған арнайы әдеп нормалары және оларды бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Осыған байланысты сот «моральға жат қылық» ұғымының құқықтық тұрғыдан жеткілікті дәрежеде айқындалғанын және оны нақты істің мән-жайына қарай қолдануға болатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ арызданушының келісу комиссиясы мен соттарға жүгіну арқылы өз құқықтарын қорғаудың заңда көзделген тетіктерін пайдаланғанына назар аударды.

Back to top button