Көз тигенін қалай білуге болады: ҚМДБ түсіндірді
Көз тиюдің қандай белгілері болуы мүмкін және одан қалай сақтануға болады? Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) «Иман» журналында жарияланған мақалада көз тию мәселесі ислам тұрғысынан түсіндіріліп, адамның денсаулығындағы өзгерістерді бірден көз тиюмен байланыстыруға болмайтыны айтылған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Көз тию қалай пайда болады
Мақала авторы Медет Құрмашұлының түсіндіруінше, исламда көз тиюдің бар екені мойындалады. Бұл туралы Пайғамбар Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де айтылған.
«Көз тию – ақиқат. Егер тағдырмен жарысқа түсе алатын бір нәрсе бар болса, көз тию болып, тағдырды озып та кетер еді», – деп жазылған хадисте.
Діни түсіндірмеге сәйкес, көз тию тек қызғаныш немесе жаман ниетпен байланысты емес. Адам біреудің сұлулығына, жетістігіне, баласына немесе дүние-мүлкіне шын көңілмен таңданған кезде де, исламдық сенім бойынша, көз тиюі мүмкін, сондықтан біреудің жақсы қасиетін немесе қуанышты жағдайын көргенде, оған береке тілеу ұсынылады. Мысалы, «Мә шәә Аллаһ», «Бәракаллаһ» деп айту – исламдағы құптарлық әдептердің бірі.
Мақалада көз тию адамға ғана емес, жануарларға, егінге және басқа да дүниелерге қатысты болуы мүмкін екені, тіпті адамның өзіне де көзі тиюі ықтимал екені діни түсінік ретінде баяндалған.
Көз тиюдің қандай белгілері болуы мүмкін
Автордың айтуынша, Құранда және сенімді хадистерде адамның көзі тигенін нақты анықтайтын белгілер тізімі келтірілмеген.
Дегенмен кейбір дін ғалымдарының түсіндірулерінде көз тиюмен байланысты болуы мүмкін деп қарастырылатын бірқатар жағдай аталады.
Олардың қатарында:
- Бұрын байқалмаған әлсіздік, тез шаршау;
- Көңіл-күйдің күрт өзгеруі, мазасыздық;
- Бас ауруы мен ұйқының бұзылуы;
- Тәбеттің төмендеуі;
- Себепсіз жабырқау немесе ашуланшақтық;
- Бұрын қызықтырған нәрселерге ынтаның жоғалуы;
- Ұмытшақтық пен жиі күрсіну;
- Аяқ-қолдың салқындауы, иықтың ауырлауы;
- Кеуденің қысылуы немесе жүрек айнуы бар.
Мақала авторы бұл белгілердің ешқайсысы көз тиюдің нақты дәлелі бола алмайтынын ескертеді, өйткені аталған жайсыздықтар ұйқының жеткіліксіздігінен, күйзелістен, қан қысымының өзгеруінен, дәрумен тапшылығынан немесе басқа да медициналық және психологиялық себептерден туындауы мүмкін. Денсаулықта қандай да бір өзгеріс байқалса, оны бірден көз тиюге жорымай, дәрігерге қаралу маңызды.
Көз тиюден қалай сақтануға болады
Исламдық түсіндірмеге сәйкес, көз тиюден сақтанудың негізгі жолы – Аллаға сыйыну, дұға жасау және Оған тәуекел ету. Мақалада мұсылмандарға «Ықылас», «Фалақ» және «Нас» сүрелерін оқып, Жаратқаннан қорғаныш тілеу ұсынылады, сондай-ақ адам өзіне, баласына немесе дүние-мүлкіне қатысты жақсы нәрсені көргенде, оның берекесін тілеуі керек. Өзгенің жетістігіне қызғанышпен емес, шынайы қуанышпен қарау да исламдағы маңызды әдептердің бірі ретінде түсіндіріледі.
Дегенмен діни амалдар медициналық тексеру мен емдеуді алмастырмайды. Егер адамның физикалық немесе психологиялық жағдайында өзгерістер байқалса, оның себебін анықтау үшін тиісті маманға жүгінген жөн. Мақалада көз тию туралы түсінікті адамның денсаулығына қатысты мәселелермен шатастырмау қажеттігі ерекше атап өтіледі.