Ядролық технологиялар – өнеркәсіп дамуының жаңа бағыты

Қоғамда «ядролық технология» немесе «атом» деген сөздерді естігенде, адамдардың басым көпшілігі ойына энергетикалық кешендер түседі. Алайда, бүгінгі таңда бейбіт атом тек розеткадағы жарықпен шектелмейді. Бұл – медицинаны, ауыл шаруашылығын, ғарыш саласы мен ауыр өнеркәсіпті алға сүйреп келе жатқан үлкен кешенді драйвер. Осы орайда, еліміздегі «Ядролық технологиялар паркі» АҚ (ПЯТ) ғылыми жетістіктерді нақты өндіріске енгізіп, өнеркәсіптің жаңа бағыттарын ашуда маңызды рөл атқарып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ғылымнан – өндіріске
Кез келген дамыған мемлекеттің экономикалық қуаты оның жоғары технологияларды қаншалықты меңгергенімен өлшенеді. Ядролық технологиялар паркі дәл осы ғылым мен бизнес арасындағы көпір қызметін атқарады. Біздің кәсіпорынның негізгі міндеті – радиациялық технологияларды коммерцияландыру және оларды күнделікті өнеркәсіпке енгізу.
Мысалы, қарапайым полимерлі материалдарды алайық. Радиациялық өңдеуден өткеннен кейін олардың беріктігі мен ыстыққа төзімділігі бірнеше есе артады. Мұндай материалдар құрылыста, мұнай-газ секторында және кабель өнеркәсібінде өте таптырмас болып саналады. Сонымен қатар, ПЯТ базасында медициналық бұйымдарды зарарсыздандыру (стерилизация) процесі де жолға қойылған. Бұл әдіс химиялық немесе температуралық өңдеуге қарағанда әлдеқайда тиімді, әрі қауіпсіз.

Ауыл шаруашылығында да ядролық технологиялардың үлесі зор. Тұқымдар мен дайын өнімдерді арнайы өңдеу арқылы олардың сақталу мерзімін ұзартып, түрлі зиянкестерден тазартуға болады. Бұл – экспорттық әлеуетімізді арттырудың төте жолы.
АЭС құрылысы – жаңа өнеркәсіптік секіріс
Елімізде Атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі кеңінен талқыланып жатқан, осы тұста бір нәрсені нақты түсінуіміз қажет: Қазақстан атом саласына бүгін ғана келіп отырған жоқ. Бізде ондаған жылдар бойы қалыптасқан өте мықты ғылыми база, Ұлттық ядролық орталық, Ядролық физика институты және біздің АҚ «Ядролық технологиялар паркі» сияқты ірі ғылыми-техникалық орталықтар бар.
АЭС құрылысы – тек тұрақты әрі таза энергия көзі емес. Ол ең алдымен кешенді өнеркәсіптік дамудың катализаторы. Станцияны салу және оған қызмет көрсету барысында жүздеген аралас салалар жұмысқа тартылады. Жаңа жұмыс орындары ашылады, отандық зауыттар жоғары технологиялық тапсырыстар алады, ал ең бастысы – елде инженерлердің, физиктердің және IT-мамандардың жаңа буыны қалыптасады.
Жабдықтардың сапасын тексеру, материалдардың радиацияға төзімділігін зерттеу, қауіпсіздік жүйелерін бақылау – мұның бәрі біздің АҚ «Ядролық технологиялар паркі» базасында дамытылып жатқан технологиялармен тікелей байланысты. Яғни, біз АЭС-ке қызмет көрсететін ғылыми-техникалық қолдауды қазірдің өзінде қамтамасыз ете аламыз.
Болашақтың берік негізі
Ядролық технологиялардан қорқудың қажеті жоқ, оны тиімді басқарып, ел игілігіне жарату керек. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бейбіт атомды өнеркәсіпке енгізген елдер технологиялық тәуелсіздікке қол жеткізеді. АҚ «Ядролық технологиялар паркі» осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырып, отандық өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға өз үлесін қоса бермек. Атом энергетикасы мен ядролық технологиялар – біздің жарқын, әрі тұрақты болашағымыздың кепілі.