Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Рақымбек Әміржанов қайтыс болды

Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары, мемлекет және қоғам қайраткері Рақымбек Әміржанов өмірден өтті. Қаралы хабарды Түпқараған ауданының әкімдігі жариялап, марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Аудан әкімдігі Рақымбек Маршалұлының саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнап, Маңғыстау өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтті. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, оның кәсіби біліктілігі, іскерлік қабілеті мен адамгершілік қасиеттері әріптестері мен жерлестерінің жадында сақталады.
Рақымбек Әміржанов 1964 жылы Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген. Новосібір мемлекеттік университетінде физика мамандығы бойынша білім алған. Сондай-ақ Жапонияның Саппоро қаласындағы Хоккайдо университетінде оқыған.
Еңбек жолында Ақтау теңіз сауда порты республикалық мемлекеттік кәсіпорнында түрлі қызмет атқарған. Кейін Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары, Солтүстік Каспий операциялық компаниясының (NCOC) Маңғыстау облысы бойынша кеңесшісі болған. Бұдан бөлек, «Semurg Invest» ЖШС-де бизнесті дамыту жөніндегі менеджер, «Теңізсервис» ЖШС-де бас менеджер қызметтерін атқарған.
Облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалғанға дейін Маңғыстау облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін уақытша орындаған. 2013 жылдың қазан айында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалып, өңірдің индустриялық-инновациялық дамуы, инвестиция тарту және экономиканың нақты секторын өркендету мәселелеріне жетекшілік етті.
Мұз сарайының құрылысына қатысты ұстанымымен есте қалды
Рақымбек Әміржанов мемлекеттік қызметте жүргенде өңірдің инфрақұрылымдық жобаларына қатысты мәселелерге де белсенді араласқан. Атап айтқанда, Ақтау қаласында Мұз сарайын салу мәселесі талқыланған кезде оның ұстанымы көпшіліктің назарын аударған. Сол кезеңде қала әкімдігі спорт нысанын «Ақбота» саябағының аумағына орналастыруға қарсы болған. Ал Рақымбек Әміржанов бұл орын тұрғындар үшін анағұрлым қолайлы екенін айтып, өз пікірін ашық қорғаған. Осы мәселеде ол қала басшылығымен келіспеушілігін де жасырмаған.
Түпқараған ауданының әкімдігі марқұмның өңір дамуына қосқан үлесін жоғары бағалап, оның еңбегі ұмытылмайтынын жеткізді.