Қазақстанда сайлау туралы заңға тағы өзгеріс енгізіледі

Мәжіліс сайлау туралы заңға енгізілетін түзетулерді қарастырмақ. Жаңа заң жобасы сайлау процесіне бірқатар өзгеріс енгізуді көздейді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Конституциялық заң жобасының негізгі мақсаты — бір үміткердің Мәжіліске бірнеше сайлау округінен бір уақытта кандидат ретінде тіркелуіне тыйым салу. Сонымен қатар, бір адамға бір мезетте Мәслихат пен Мәжілістің бір мандатты округтері бойынша қатар ұсынылуына шектеу қойылады. Әкімдерге үміткерлер үшін сайлау қоры құрылмақ. Президентке, депутатқа, әкімге, ОСК мүшелігіне үміткерлерге қатысты – ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша соттылығы болмауы тиіс деген талап күшейтіледі. Сондай-ақ, үгіт-насихат мәселелері реттеледі», – деді Мәжіліс депутаты Снежана Имашева палатаның жалпы отырысында.
Бұдан бөлек, енгізілетін түзетулер сайлау өткізу рәсімдерін жетілдіруді және заң талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді көздейді.