TOP-2Жаңалықтар

262 млрд теңге мен нәтижесіз жобалар: ғылымдағы аудит үлкен кемшіліктерді әшкереледі

Қазақстанда ғылым саласын қаржыландыру бірнеше жылда екі есе өскенімен, ғылыми зерттеулердің экономикаға нақты қайтарымы әлі де төмен. Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеру барысында 51 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар анықталып, тағы 47 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны белгілі болды. Бұл туралы Құрылтайдың  жалпы отырысында Палата төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қаржы мол, қайтарым аз

Әлихан Смайыловтың айтуынша, 2022-2025 жылдары Қазақстанда ғылымды қаржыландыру көлемі 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін өскен. Осы кезеңде Ұлттық ғылым академиясы құрылып, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға және жас ғалымдарды қолдауға бағытталған шаралар қабылданған. Алайда мемлекеттік қолдаудың артуы ғылымның экономикалық тиімділігіне айтарлықтай әсер етпеген. Қазір ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсалатын шығындардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі небәрі 0,16%-ды құрайды. Ал белгіленген мақсатты көрсеткіш – 1%. Оның үстіне ғылыми зерттеулерді қаржыландырудағы мемлекеттің үлесі 55%-дан 82%-ға дейін өскен. Бұл жеке сектордың ғылымға инвестиция салуға және отандық ғылыми әзірлемелерді пайдалануға әлі де құлықсыз екенін көрсетеді.

Аудит ғылым саласын басқаруда да жүйелі кемшіліктер барын анықтаған. Мәселен, 2021-2025 жылдары қабылданған төрт бағдарламалық құжаттың үшеуі мерзімінен бұрын күшін жойған. Соған қарамастан саланың бірқатар стратегиялық көрсеткіші төмендетілген. Атап айтқанда, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығындардың ЖІӨ-дегі нысаналы үлесі 2%-дан 0,5%-ға, зерттеушілер санының өсімі 50%-дан 7%-ға дейін қысқартылған. Ғылыми жобаларды бірлесіп қаржыландыруға жеке тұлғалардың қатысу үлесіне қатысты көрсеткіш те 50%-дан 32%-ға төмендеген.

Ғылыми жобаларға тапсырыс беру мен оларды іріктеу тәртібі де сын көтермейді. 2025-2027 жылдарға арналған 153 мамандандырылған бағыттың ауқымы соншалықты кең болғандықтан, іс жүзінде кез келген зерттеуді басым бағытқа жатқызуға мүмкіндік бар. Ал 2023-2025 жылдары бекітілген 393 ғылыми-техникалық тапсырманың 149-ы орындалмаған. Оларға 67 млрд теңге қарастырылған. Бұған қоса, 2025 жылғы ғылыми конкурстар 208 күнге дейін кешіктіріліп жарияланған. Экономикалық сараптама нәтижесінде 545 жобаның қаржыландыруын шамамен 12 млрд теңгеге қысқарту ұсынылғанымен, бұл ескертулер назарға алынбаған.

Аудиторлар ғылыми жобаларды іріктеу кезінде мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін екенін де анықтаған. Ұлттық ғылыми кеңестердің 225 мүшесінің 84-і жалпы құны 52 млрд теңге болатын 127 жобаның зерттеу топтарына кірген. Ал кеңестердің тағы 27 мүшесі ғылыми жобаларға жетекшілік еткен. Мұндай жағдай ғылыми жобаларды бағалау мен мемлекеттік қаржыны бөлу кезіндегі шешімдердің тәуелсіздігіне қатысты сұрақ туғызады.

Ғылыми жобалар неге өндіріске жетпейді

Жоғары аудиторлық палата төрағасы мемлекеттік қаржының нақты қайтарымына ерекше тоқталды. Аудит барысында 79 ғылыми жобаға шығындары егжей-тегжейлі нақтыланбастан 62 млрд теңге бөлінгені анықталған. Оның үстіне қолданыстағы қаржыландыру тәртібі бойынша ғылыми жобаның қорытынды нәтижесі бағаланғанға дейін қарастырылған қаражаттың 96-98%-ы орындаушыға төленіп қояды. Яғни зерттеу күткен нәтижені бермеген күннің өзінде мемлекет бөлген қаржының басым бөлігі жұмсалып үлгереді.

«16 млрд теңгені құрайтын 176 жоба бойынша түпкілікті нәтижеге қол жеткізілмеген. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының мониторингі жобалардағы кемшіліктерді анықтағанымен, тиісті шешімдер қабылдауға негіз болмаған. 2025 жылы мониторинг 2 мыңнан астам ғылыми жоба мен коммерцияландыру жобасын қамтып, 3 млрд теңгеден астам сомаға бұзушылықтар анықталған. Алайда ұлттық ғылыми кеңестер бұл мәселелер бойынша тек ақпаратты назарға алумен шектелген», – деді Әлихан Смайылов.

Палата төрағасының айтуынша, отандық ғылымның басты проблемаларының бірі – зерттеу нәтижесінің нақты экономикалық пайдасынан гөрі есептік көрсеткіштерге басымдық берілуі. Ғылыми мақалалар жариялау, патент алу немесе нәтижені өндіріске енгізу туралы акт жасау жобаның табысты аяқталғанын білдіретін өлшемге айналған. Алайда мұндай құжаттар әзірленген технологияның өндірісте қолданылып жатқанын немесе нарықта сұранысқа ие екенін дәлелдемейді. Мәселен, аудит кезінде іріктелген 60 патенттің бірде-бірі бойынша оларды пайдалану жөнінде келісім жасалмаған.

Ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыру ісінде де көрсеткіштер мен нақты нәтиженің арасында елеулі айырмашылық бар. Ғылым қорының дерегінде коммерцияландыру деңгейі 44% деп көрсетілгенімен, аудиторлар бірыңғай әдістемемен есептегенде оның небәрі 16% екенін анықтаған.

«Нақты нарықтық әсер де шамалы. Аяқталған 141 жобаның ішінде небәрі 38 жоба немесе 27%-ы ғана соңғы 3 жылда өнімді тұрақты түрде сата алған. Қаржы көлемі 22 млрд теңге болатын қалған 103 жоба өнім өндіру мен сату көлемі бойынша күткен нәтижелерге қол жеткізбеген», – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Аудит жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қаражат аудару тетігіндегі кемшіліктерді де көрсетті. Заңнамада көзделген 1% мөлшеріндегі қаржыландыру міндеттемесінің орындалуына бақылау жеткіліксіз. Оның үстіне ғылымды дамытуға бағытталуы тиіс қаражаттың бір бөлігі депозиттерге, бағалы қағаздарға және РЕПО операцияларына жұмсалған.

Жалпы мемлекеттік аудит қорытындысында 51 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылық анықталып, 47 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны белгілі болды. 36 дерек бойынша материалдар әкімшілік жауапкершілік мәселесін қарау үшін уәкілетті органдарға жолданған. Тағы үш дерекке қатысты материалдарды құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылданған.

Әлихан Смайылов қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін ғылыми жобаларды қаржыландырудан бастап, олардың нәтижесін өндіріске енгізуге дейінгі барлық процесті цифрландыру және бірыңғай есепке алу жүйесін қалыптастыру қажет екенін айтты.

«Аталған мәселелер бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар беріліп, жауапты мемлекеттік органдарға тапсырмалар жүктелді. Бұл жұмыстардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады», – деп қорытындылады Әлихан Смайылов.

Back to top button