Жетісуда төртем дүниеге келген отбасына үш бөлмелі пәтер тарту етілді
Алматыдағы Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында өмірге әкеліп, туған үйіне оралған жас ананы жерлестері салтанатпен қарсы алып, жаңа пәтер кілтін тапсырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Пәтер қай жерден бұйырды
Өңір басшысының атынан ата-анасы мен сәбилерді облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтады.
Сарыөзек ауылында отбасына жаңа көпқабатты тұрғын үйдің екінші қабатынан үш бөлмелі пәтер беріп отырмыз. Пәтерде жайлы тұрмысқа қажетті барлық жағдай жасалған. Альмира Алматы қаласында болған кезде облыс әкімі күн сайын балалардың жағдайын сұрап-біліп отырды. Біз Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының мамандарымен тұрақты байланыста болып, ана мен балалардың жағдайын бірге бақыладық, – деді Көлбаев.
«Барлық көмек көрсетіледі»
Облыс әкімінің орынбасары төрт сәби бағудың қиындығын да атап өтті.
– Сондықтан Альмираға балалар күтіміне көмектесетін арнайы көмекші беріледі. Жалпы, бүлдіршіндердің дені сау болып өсіп, аман-есен жетілуі үшін өз тарапымыздан барлық қажетті көмекті көрсетеміз, – деді ол.
Кербұлақ ауданының Талдыбұлақ ауылында тұратын отбасында төртемнен бөлек үш баласы бар. Енді төрт ұлдың дүниеге келген отбасы бірден көп балалы атанды.
Төртемнің анасы Альмира Бекеева 31 жаста. Ол Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепте педагог болып жұмыс істейді. Ал жұбайы Олжас Бекеев – жүк көлігінің жүргізушісі. Әсіресе, отбасына бірден төрт ұлдың қосылғанына әкесі ерекше қуанышты.

Балалар әуелде дәрігерлер бақылауында болды
Жас ананың құрсағына бірден төрт сәбидің біткені анықталған бойда пациент Алматыдағы Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында мамандар бақылауына алынды. 24 қыркүйекте дәрігерлер операциялық жолмен босандырып, Арлан, Арсылан, Әлихан, Әмірхан есімді төрт ұл дүние есігін ашты.
– Ең алғаш құрсағымда төртем бар екенін УЗИ-ден білгенде, қатты қуандық. Әрине, оларды көтеріп жүру оңай болған жоқ. Балалар үшін іштей қорқыныш та, уайым да болды. Кесарь тілігі арқылы отыз апта алты күн дегенде ұлдарымыз дүниеге келді. Отаны ғылыми орталықтың директоры жасады. Балалар шала туғандықтан, алғашқы сәттен бастап дәрігерлердің қарауында болды. Қазір жақсы салмақ жинап, барлық қиындықтарды артқа тастап, үйге оралдық, – дейді жас ана.
Атасының қуанышы
Төртемнің атасы Қайрат Бекеев бірден төрт нәрестенің өмірге келуі – құдайдың берген үлкен сыйы екенін айтты.
Сәбилердің өмірге келгеніне біздің отбасы ғана емес, бүкіл Жетісу қуанып жатыр. Өзім атасы ретінде керемет сезімде тұрмын. Алматыдан келінім мен немерелерімді құрметпен шығарып салып, ауылымыз да салтанатпен қарсы алып жатыр. Бізбен бірге қуанған барша жұртшылыққа рахмет айтамын, – деді ол.
