Жаңалықтар

Оралда полиция майоры қарамағындағы қызметкерге пышақ сұқты деген күдікке ілінді

Оралда полиция қызметкерінің пышақ жарақатын алуына байланысты тергеу жүргізіліп жатыр. Бұған дейін жергілікті БАҚ полиция бөлімдерінің бірінде басшылық қызмет атқарған майордың ұсталғанын хабарлаған. Алайда жарақат алған ер адам өзін абайсызда жаралап алғанын мәлім етті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Полиция майорының ұсталғаны хабарланды

«Уральская неделя» басылымының мәліметінше, Орал қаласындағы полиция бөлімдерінің бірінде бастықтың бірінші орынбасары қызметін атқарған майор ұсталған. Ол қарамағындағы жедел уәкілге пышақпен шабуыл жасады деген күдікке ілінген болуы мүмкін. Дегенмен бұл ақпаратты құқық қорғау органдары әзірге ресми түрде растаған жоқ.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 8 қарашада денесіне пышақ кіріп, жарақат алған ер адам ауруханаға жеткізілген. Жәбірленушінің өзі жарақатты абайсызда алғанын мәлімдеген. Соған қарамастан, полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, оның ішінде жарақат салуға бұрынғы полиция қызметкерінің қатысы болуы мүмкін деген нұсқаны да тексеріп жатыр.

Полиция не дейді

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау үшін тергеуге өзіндік қауіпсіздік бөлімшесінің қызметкерлері тартылғанын хабарлады. Сонымен қатар қызметтік тексеру жүргізілген.

«Тергеудің объективтілігін қамтамасыз ету үшін оған өзіндік қауіпсіздік бөлімшесінің қызметкерлері тартылды. Сондай-ақ қызметтік тексеру жүргізілді. Бұл ретте кейбір әлеуметтік желілерде тараған, алкогольдік ішімдіктерді бірге ішу кезінде жанжал болғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті.

Құқық қорғау органдары оқиғаға қатысы бар адамдардың аты-жөнін жариялаған жоқ. Алайда полиция екі адамның да ішкі істер органдарынан бұған дейін жұмыстан шығарылғанын растады. Қазір оқиғаның нақты қалай болғаны және жарақаттың қандай жағдайда салынғаны анықталып жатыр. Тергеу қорытындысы мен күдіктілердің процессуалдық мәртебесіне қатысты қосымша ақпарат әзірге жарияланған жоқ.

Back to top button