TOP-1Сараптама

Көмір VS газ: Қазақстанның энергетикалық балансы қалай қалыптасып жатыр

Қазақстанда газдандыру бағдарламасы жалғасып жатқанмен, көмір энергетикасынан бас тарту жоспарда жоқ. Керісінше, Үкімет көмір станцияларын жаңғыртып, отынды терең өңдеу және «таза көмір» технологияларын енгізу жобаларын қолға алды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Мұның себебі түсінікті, көмір қоры мол орталық және солтүстік-шығыс өңірлердің энергетикалық қажеттілігін осы ресурстың есебінен қамтамасыз етуге болады. Ал газ инфрақұрылымын дамыту басқа өңірлердің сұранысын өтеуге және энергетикалық теңгерімді сақтауға бағытталған.

Биыл наурызда Үкімет «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасын бекітті. 2026-2030 жылдарға арналған бағдарлама аясында жалпы қуаты шамамен 7,8 ГВт болатын жобалар іске асырылмақ. Оның ішінде сегіз жаңа энергетикалық нысан салынып, қолданыстағы 11 станция жаңғыртылады.

Жаңа станцияларда жоғары тиімділік беретін технологиялар, түтін газдарын тазарту жүйелері, шаң мен ауыр металдарды ұстайтын сүзгілер қолданылмақ. Жоспар бойынша көмір электр станцияларындағы ластаушы шығарындылар 34 пайыз азаюға тиіс. Бұл көмір ресурсын пайдалана отырып, энергия өндірудің экологиялық жүктемесін төмендетуге бағытталған.

Екінші бағыт – көмірді тек электр энергиясын өндіруге арналған отын ретінде емес, өнеркәсіп шикізаты ретінде пайдалану. Қазір Қарағанды облысында жылына 1 млн тонна металлургиялық кокс өндіретін зауыт салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Павлодар және Қарағанды облыстарында көмірден дизель өндіретін екі жоба қарастырылған. Бұдан бөлек, көмірден жылына 2 млрд текше метр газ өндіру жобасы әзірлеу сатысында тұр.

Газ саласында да осындай ұзақ мерзімді жоспар бар. 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар тауарлық газ ресурсын ұлғайтуды, газ өңдеу қуатын 5 млрд текше метрге арттыруды және солтүстік пен шығыс өңірлерді газдандыруды көздейді. Дүниежүзілік банк дерегінше, Қазақстанда алауда жағылатын газ көлемі 2012 жылы 4 млрд текше метр болса, 2022 жылы 1 млрд текше метрге дейін қысқарған. «Самұрық-Қазына» тобының компанияларында ілеспе мұнай газын кәдеге жарату деңгейі 2020 жылы 98 пайыз болған. Мысалы, «Маңғыстаумұнайгаз» Қаламқас кен орнында өндірілген газдың 99 пайызын өз қажетіне пайдаланады.

Ал Қашаған кен орнында қуаты жылына 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауыты салынып жатыр Биыл қуаты 2,5 млрд текше метр болатын екінші газ өңдеу зауытының жобасы қолға алынды. Қарашығанақта жылына 5 млрд текше метрге дейін газ өңдейтін зауыт салу жобасы әзірленуде.

Бұл ішкі нарыққа қосымша ресурс беріп, газ импортын азайтуға мүмкіндік жасайды. Мұнай-газ сарапшысы Асқар Исмаилов жоғарыда айтылған жобалардың стратегиялық маңызын былай түсіндіреді.

“Қазақстан 30 млрд текше метрге жуық газды жер асты қабатына қайта айдайды. Бұл Қазақстанның ішкі тұтынуынан бір жарым есе көп. Бұл жер қойнауына жыл сайын 30 млрд доллар айдайтынымызды білдіреді. Үш жылда бұл 100 млрд доллар деген сөз. 10 жылда – 300 млрд доллар. Ал 300 млрддоллар деген – Қазақстанның жалпы ішкі өнімі”, – дейді сарапшы.

Қазақстан көмір энергетикасынан бас тартпай, қолданыстағы станцияларды жаңғырту, жаңа қуат көздерін салу және экологиялық тиімді технологияларды енгізу арқылы елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуды көздейді. Сонымен қатар көмірді терең өңдеу, газ өндіру мен өңдеу қуаттарын арттыруға бағытталған ірі жобалар ішкі нарықтағы энергия тапшылығын азайтып, импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік бермек.

Back to top button