«Балам сөйлей алмайды»: Алматыда анасы балабақшадағы жағдайды әшкереледі
Алматыда жекеменшік балабақшалардың бірінде ерекше қажеттілігі бар балаға дөрекі қарым-қатынас жасалғаны туралы ақпарат тарады. Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбадан кейін полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Балам сөйлей алмайды, өзін қорғай алмайды»
Оқиға туралы баланың анасы Threads әлеуметтік желісінде жазған. Оның айтуынша, өзі сенім артқан мекемеде баласына қатыгездік көрсетілген. Әйел жариялаған бейнежазбада қызметкердің баланың бетінен дөрекі ұстап, қолынан жұлқылағаны байқалады. Баланың анасы ұлының сөйлемейтінін, сондықтан өзіне жасалған әрекеттерді айтып бере алмайтынын жеткізген.
«Баламды сеніп тапсырған жер оны ренжітіп, ұрып-соғып, қорлап, кемсітетін орынға айналды. Менің балам ерекше. Ол сөйлей алмайды, үйге келіп, анасына өзіне не істегенін айтып бере алмайды. Көмек сұрап немесе өзін қорғап, сөзбен жеткізе алмайды», – деп жазды әйел.
Анасының мәлімдемесіндегі ұрып-соғу және қорлау туралы деректер әзірге тергеу барысында анықталуға тиіс.
Полиция балабақша қызметкерлерінің әрекетін тексеріп жатыр
Алматы қалалық полиция департаменті аталған жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады. Істі Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тергеп жатыр. Құқық қорғау органдары әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаларды зерттеп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға кіріскен. Сонымен қатар түзету орталығы маманының және мекеме басшылығының әрекеттеріне де тексеру жүргізіледі.
«Полиция департаменті кәмелетке толмағандарға қатысты тиісінше қарамау фактілеріне, әсіресе ерекше қамқорлық пен қолдауды қажет ететін балаларға байланысты жағдайларға айрықша назар аударады», – делінген ведомство хабарламасында.
Полиция тергеу нәтижесінде анықталған мән-жайларға заң аясында құқықтық баға берілетінін мәлімдеді. Әзірге оқиғаға қатысы бар қызметкерлерге қандай да бір айып тағылғаны немесе олардың жауапқа тартылғаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.