Пашинян Мәскеудегі ҰҚШҰ саммитіне барудан бас тартты
Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ресей президенті Владимир Путиннің төрағалығымен өтетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) саммитіне қатыспайды. Оның орнына үкімет басшысы Түркиядағы халықаралық климат конференциясына барады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Пашинян Мәскеудің орнына Антальяға барады
11 қарашада Мәскеуде Владимир Путиннің төрағалығымен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтеді. Алайда Армения премьер-министрі Никол Пашинян бұл жиынға қатыспайды. Арменияның Armenpress ақпарат агенттігі премьер-министр аппаратына сілтеме жасап, Пашинянның сол күні Түркияның Анталья қаласында өтетін БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі 31-конференциясына (COP31) қатысатынын хабарлады.
Бұл шешім Армения мен ҰҚШҰ арасындағы қарым-қатынас шиеленіскен тұста қабылданып отыр. Оның үстіне Мәскеу Ереванның ұйымдағы дауыс беру құқығын уақытша тоқтату мәселесін қарастыруы мүмкін. 6 қарашада Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин Арменияның екі жылдан астам уақыт бойы ҰҚШҰ-ға мүшелік жарна төлемегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ұйымның алдағы отырысында осыған байланысты шешім қабылдануы ықтимал.
«Армения екі жылдан астам уақыттан бері жарна төлемей келеді. Сондықтан оның мүшелігін уақытша тоқтату, дәлірек айтқанда, жарналар төленгенге дейін дауыс беру құқығынан айыру мәселесі қаралып, тиісті шешім қабылдануы әбден мүмкін. Бұл – ұйым жарғысының нақты бабында қарастырылған техникалық мәселе. Мұндай шешім қабылдануы ықтимал, бірақ бәрі президенттің шешіміне байланысты», – деді Панкин ТАСС агенттігіне.
Әзірге Арменияның дауыс беру құқығын тоқтату туралы түпкілікті шешім қабылданған жоқ.
Армения ҰҚШҰ-дан біржола шығуы мүмкін бе
Никол Пашинян бұған дейін Арменияның ҰҚШҰ аясындағы жұмысын қайта жандандыруға ниетті емес екенін ашық мәлімдеген. Тамыз айының соңында парламент депутаттарының 2026–2031 жылдарға арналған үкімет бағдарламасына қатысты сұрақтарына жауап берген премьер-министр ұйым Арменияны мүшеліктен шығарса, мұндай шешімді қуана қабылдайтынын айтқан.
«Егер ұйым Армения Республикасын өз қатарынан шығару туралы шешім қабылдаса, мен қатты қуанар едім. Кем дегенде, бұл бізді ұйымнан шығу немесе шықпау туралы екіұдай таңдаудан құтқарады», – деген еді Пашинян.
Сол кезде ол Арменияның жақын арада Еуропалық одаққа мүшелікке өтінім беруге дайындықты бастауы мүмкін екенін де жоққа шығармады.
Еске салайық, Армения 2024 жылдың ақпанында ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтататынын мәлімдеді. Ал сол жылдың мамырында ұйымды қаржыландырудан ресми түрде бас тартты. Ереванның мұндай шешім қабылдауына Таулы Қарабақ төңірегіндегі Әзербайжанмен қақтығыс кезінде ҰҚШҰ-ның араласпауы себеп болды. Пашинян ұйымды «сабын көпіршігіне» теңеп, оған мүше кейбір мемлекеттерді Бакуге іс жүзінде қолдау көрсетті деп айыптаған. 2026 жылдың көктемінде Арменияның Еуропалық одақпен жақындасуы Мәскеу мен Ереван арасындағы қатынасты одан әрі күрделендірді. Осы жағдай аясында Ресей армян өнімдерінің импортына бірқатар шектеу енгізді.