TOP-1Экономика

Мұнайдан өндіріске бетбұрыс: Қазақстандағы инвестиция құрылымы қалай өзгеріп жатыр

Қазақстан экономикасына салынатын инвестиция көлемі кейінгі бес жылда тұрақты өсіп келеді. Алайда жалпы сомасы артқанмен, құрылымы біркелкі емес. Шетелдік капиталдың едәуір бөлігі әлі де шикізат секторына тәуелді. Отандық кәсіпорындар өндіріс пен инфрақұрылымға қаржы құйып жатқанымен, бюджет қаражаты көлік, энергетика, білім беру және әлеуметтік нысандарға бағытталады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Инвестиция ретінде тартылған әрбір 100 теңгенің 61 теңгесін бизнес береді

Ұлттық статистика бюросының деректеріне қарағанда, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2021 жылғы 13,24 трлн теңгеден 2025 жылы 23,49 трлн теңгеге жетті. Номиналды өсім – 77,3%. Бұл көрсеткішке инфляция мен құрылыс-жабдық бағасының өсуі де әсер еткендіктен, нақты инвестициялық белсенділікті бағалауда салыстырмалы бағамен есептелетін нақты көлем индексіне сүйенген дұрыс. 2022 жылы инвестиция 15,25 трлн, 2023 жылы 17,65 трлн, 2024 жылы 19,46 трлн теңге болды. 2025 жылғы өсім нақты мәнде 16,7% деген сөз.

Бес жыл ішінде инвестицияның қайнар көзі өзгерген жоқ. Негізгі қаржыны мемлекет емес, кәсіпорындардың өз қаражаты қамтамасыз етеді. 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестицияның 61,2%-ы немесе 14,37 трлн теңгесі кәсіпорындардың меншікті қаражаты есебінен игерілген. Бюджет қаражатының үлесі – 21,5% (5,06 трлн теңге), банк кредиттері – 4,6% (1,08 трлн теңге), басқа қарыз қаражаты – 12,7% (2,99 трлн теңге). Яғни инвестиция ретінде тартылған әрбір 100 теңгенің 61 теңгесін бизнес өз есебінен салады.

AI/Инфокесте

Бұл үлестің динамикасы да назар аудартады. 2021 жылы кәсіпорындардың меншікті қаражаты жалпы инвестицияның 70,7%-ы болса, 2023 жылы 72,2%-ға жетті. 2025 жылы 61,2%-ға дейін төмендеді. Ал бюджет үлесі 2021 жылғы 15,6%-дан 2025 жылы 21,5%-ға өсті. Демек, соңғы жылдары инвестициядағы мемлекеттік қаржының салмағы ұлғайған.

Шетелдік капитал қай салаға барады

Қазақстанға тікелей шетелдік инвестиция тартуда мұнай-газ және тау-кен саласының орны әлі де басым. Ұлттық банк деректеріне сүйенген АХҚО шолуында жалпы тікелей шетелдік инвестиция ағыны 2021 жылы 23,8 млрд доллар, 2022 жылы 28,2 млрд доллар болғаны көрсетілген. 2023 жылы 23,9 млрд долларға, 2024 жылы 17,8 млрд долларға дейін төмендеді. 2022 жылғы жоғары көрсеткіштен кейінгі құлдырау, ең алдымен, өндіруші секторға капитал ағынының азаюымен байланысты.

2022 жылы шетелдік инвестицияның ең ірі бөлігі тау-кен өнеркәсібіне – 12,1 млрд доллар, өңдеу өнеркәсібіне – 5,6 млрд доллар, көтерме және бөлшек саудаға – 5,1 млрд доллар көлемінде бағытталды. 2024 жылы тау-кен секторындағы таза инвестиция ағыны теріс мәнге түсіп, шамамен 2,4 млрд доллар көлемінде капиталдың кері қозғалысы тіркелді. Ал сауда саласында 1,4 млрд доллар таза ағын қалыптасты. Өңдеу өнеркәсібінде де оң нәтиже сақталды.

2025 жылдың алғашқы тоғыз айында да құрылымдық өзгеріс байқалды. PwC шолуында Ұлттық банк деректеріне сүйеніп, өңдеу өнеркәсібіне 1,319 млрд доллар, ақпарат және байланыс саласына 1,195 млрд доллар, қаржы және сақтандыру секторына 897 млн доллар таза инвестиция түскені көрсетілген. Керісінше, тау-кен өнеркәсібінен 3,687 млрд доллар таза капитал әкетілген. Бұл кезеңде шетелдік капиталдың шикізаттан тыс секторларға бет бұру үрдісі байқалды.

Отандық бизнес пен бюджет қаржысы қайда жұмсалады

Отандық кәсіпорындардың инвестициясы шоғырланған негізгі бағыттар – өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, көлік және қоймалау. 2025 жылы барлық қаржыландыру көздері бойынша өнеркәсіпке 9,52 трлн теңге бағытталды. Оның 3,35 трлн теңгесі тау-кен өндірісіне, 2,98 трлн теңгесі өңдеу өнеркәсібіне, 2,23 трлн теңгесі электр, газ және жылумен жабдықтауға тиесілі. Жылжымайтын мүлік операцияларына 4,13 трлн, көлік пен қоймалауға 4,16 трлн теңге салынған.

Мемлекеттік бюджеттен бөлінетін инвестицияның негізгі міндеті – жеке бизнес үшін қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету. 2025 жылы бюджет қаражаты есебінен негізгі капиталға 5,06 трлн теңге салынды.

2025 жылғы салалық құрылымда көлік пен қоймалау 4,16 трлн теңгемен, жылжымайтын мүлік операциялары 4,13 трлн теңгемен алдыңғы қатарда тұр. Өнеркәсіптің үлесі – 40,5%. Білім беру саласына 1,25 трлн теңге, ауыл шаруашылығына 1,15 трлн теңге, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметтерге 599 млрд теңге инвестиция салынған.

Ірі инвестициялық жобалар

Қазақстанда 2021 жылдан бері бірнеше миллиард долларлық және жүздеген миллиард теңгелік жобалар қолға алынды. Олардың бір бөлігі пайдалануға берілсе, енді бірі әлі құрылыс немесе жобалау кезеңінде. Инвестиция көлемі бойынша назар аударатын бес жоба:

1. Теңіз кен орнын кеңейту. Future Growth Project және Wellhead Pressure Management Project жобаларының жалпы құны – 48,9 млрд доллар. 2025 жылғы қаңтарда жаңа Үшінші буын зауытында алғашқы мұнай өндірілді. Жобаның толық қуатына шығуы Теңіздегі мұнай өндіру көлемін жылына 12 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.

2. Полиэтилен өндіретін газ-химия кешені. Атырау облысында жүзеге асырылатын жобаның екінші кезеңіне арналған инвестиция көлемі 3,614 трлн теңге деп көрсетілген. Жоба аясында полиэтилен өндірісіне қажетті газды бөлу зауыты мен этан құбыры салынады. Іске қосу мерзімі – 2029 жыл.

3. Жетісу облысындағы мыс өңдеу кешені. Мысты өңдеу және байыту жобасының құны 1,3 трлн теңге. Жоба 2023 жылы басталған, қазіргі мәртебесі – құрылыс-монтаж жұмыстары. Жоспар бойынша 2 230 жұмыс орны ашылуы тиіс.

4. Алматы әуежайының жаңа халықаралық терминалы. Түркияның TAV Airports компаниясы жүзеге асырған жобаның инвестиция көлемі 200 млн доллардан асады. Құрылыс 2022 жылы басталып, терминал 2024 жылы пайдалануға берілді. Жаңа нысан әуежайдың жылдық өткізу қуатын 14 млн жолаушыға дейін жеткізуге есептелген.

5. Саран қаласындағы шина зауыты. «КамаТайрсKZ» бірлескен кәсіпорнының жобасына 125 млрд теңге инвестиция қарастырылған. Құрылыс 2021 жылы басталды. Бірінші кезеңде жылына 3,5 млн шина шығару, кейін қуатты 9 млн данаға дейін жеткізу жоспарланған. Кәсіпорында 1 100-ден астам жұмыс орны ашылуы көзделген.

Инвестициялық климат рейтингтеріндегі Қазақстанның орны

Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын бағалағанда бір ғана рейтингке сүйену жеткіліксіз. Әр индекс әртүрлі өлшемді қамтиды: біреуі елдегі бизнес жүргізу жағдайын, екіншісі бәсекеге қабілеттілікті, үшіншісі инновациялық әлеуетті бағалайды.

BlackRock Investment Institute-тің бас инвестициялық стратегы Бен Пауэлл қыркүйекте Bloomberg-ке берген пікірінде Қазақстанға тартылған инвестициялар келешекте жемсіні беретінін айтқан.

Бен Пауэлл

“Қазақстан капитал үшін барған сайын тартымды бола түсуде. Ел инвестицияның игілігін көрген сайын, оның тартымдылығы да арта береді. Егер жаңа мүмкіндіктер пайда болса, біз Қазақстанға көбірек капитал бағыттауға дайынбыз, – деген болатын сарапшы.

IMD рейтингінде Қазақстан 2026 жылы 70 елдің ішінде 38-орынға жайғасты. 2025 жылы 34-орында болғанын ескерсек, бір жылда төрт саты төмендеген. Ал Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Global Innovation Index индексінде Қазақстан 2026 жылы 139 елдің ішінде 73-орынға көтерілді. Былтыр 81-орында болған. Бұл көрсеткіш елдің инновациялық әлеуетін бағалайды, оны тікелей инвестициялық климат рейтингі деп қабылдауға болмайды.

Дүниежүзілік банктің B-READY 2025 бағалауында Қазақстанның бизнес орналасатын ортасының көрсеткіші 68,6 балл болды. Бұл индекс кәсіпкерлік қызметке қажетті реттеу сапасын, мемлекеттік қызметтер мен ақпараттың ашықтығын, рәсімдердің тиімділігін бағалайды.

Back to top button