Жаңалықтар

Жетісу облысында 31 жастағы әйел бірден төрт ұл тапты (Видео)

Жетісу облысының 31 жастағы тұрғыны бірден төрт ұлды дүниеге әкелді. Бүгін анасы мен төртем перзентханадан салтанатты түрде шығарылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Төрт ұл жүктіліктің 30-аптасында дүниеге келген

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Жетісу облысынан келген әйел 24 қыркүйекте жүктіліктің 30 аптасы 6 күнінде кесарь тілігі арқылы төрт ұл босанған. Сәбилерге Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірхан деген есімдер берілді. 

Төртемнің анасы бірден төрт бала күтіп жүргенін алғаш естігенде қуанышпен қатар қобалжу сезімін де бастан өткергенін айтты.

«Бірден төрт бала күтіп жүргенімді білгенде, бойымды сан түрлі сезім биледі. Таңғалдым, қуандым, әрине, қобалжыдым. Алда оңай жол күтіп тұрмағанын түсіндім, бірақ бәрі жақсы болатынына сендім. Маған және сәбилеріме қамқорлық көрсетіп, қолдау білдірген АГПҒО дәрігерлері мен барлық медицина қызметкерлеріне шексіз алғыс айтамын!», – дейді сәбилердің анасы.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, төртемге жүкті болу – медицинада өте сирек кездесетін әрі асқыну қаупі жоғары жағдайлардың бірі. Сондықтан болашақ ана жүктіліктің 23-аптасынан бастап ғылыми орталық мамандарының тұрақты бақылауында болған.

24 қыркүйекте дүниеге келген Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірхан бүгін анасымен бірге перзентханадан шығарылды. Осылайша, жеті балалы отбасы тағы бір қуанышты сәтін атап өтті.

Back to top button