Жаңалықтар

Қазақстанда жалдамалы пәтерлер жаппай тексерілетін болды

Ел аумағында енді арзан бағаға жалға берілетін пәтерлер мен үйлерге тұрақты түрде рейд жүргізіледі. Әсіресе, жұмыс іздеп басқа өңірден келгендер тұратын, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін үйлер жіті бақылауға алынбақ, деп хабарлайды Tizgin.kz. 

Бектенов келтірген мысал

Бұл туралы Үкіметтің кезекті отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Оның айтуынша, жұмыс істеу үшін көшіп келген азаматтар кейде уақытша тұруға жарамсыз, апатты жағдайдағы және өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған баспаналарды таңдауға мәжбүр. Мұндай нысандарда өрт жиі тіркеледі.

Ол мысал ретінде елордадағы жағдайды атап өтті. Премьер-министр дерегінше, Астанада осындай 860 нысан есепке алынған. Ал өткен қыс айларында олардың 30-ға жуығында өрт болған.

Өрттің негізгі себептері неде

Олжас Бектенов өрт оқиғаларына көбіне электр сымдарының тұйықталуы, отты абайсыз пайдалану және қарапайым өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы себеп болатынын айтты.

Осыған байланысты Үкімет басшысы әкімдіктерге Ішкі істер министрлігі және Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, мұндай тұрғын үйлерді ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Сондай-ақ арзан жалдамалы пәтерлер мен үйлерде тұрақты рейд жүргізіп, өрт қаупін тудыратын факторларды анықтау және қажетті шараларды жедел қабылдау міндеттелді.

Back to top button