Спорт

Аяқ киімі үшін Азияда алтынынан айырылған Ясмина Тоқсанбаева пәтерлі болды

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы XX Жазғы Азия ойындары мен V Азия Пара ойындарында ел намысын қорғаған спортшылар мен жаттықтырушыларды марапаттады, деп хабарлайды Tizgin.kz. 

Сертификаттар табысталды

Іс-шараға Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасы Руслан Есеналин мен федерацияның бірінші вице-президенті Алпамыс Бақытұлы қатысып, құрлықты бәсекеде үздік нәтиже көрсеткендерге ақшалай сертификаттар табыстады.

Пәтер кілті берілді

Жиынның басты жаңалығы сол, марафон қашықтығында ерекше ерлік танытқан Ясмина Тоқсанбаеваға федерация мен демеушілер атынан бір бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Федерация Ясминаны Азия ойындарының чемпионы және ел мақтанышы деп есептейді.

«Бұл бағалы сыйлық спортшыға үлкен қолдау болып, алдағы Олимпиада ойындарына тың серпінмен дайындалуына зор мотивация береді деп сенеміз», – делінген федерацияның баспасөз қызметі мәліметінде.

Алтынынан айырылған Азияда

Бұған дейін Ясмина Тоқсанбаеваның Азия ойындарында марафон қашықтығына спорттық жүрістен жеңіп алған алтын медалінен айырылғанын жазған болатынбыз. Ол әйелдер арасындағы марафон қашықтығына спорттық жүріс сайысында мәреге бірінші болып жеткен. Алайда жарыстан кейін оның нәтижесіне қатысты наразылық білдірілген.

Осыған байланысты Дүниежүзілік жеңіл атлетика қауымдастығы – World Athletics қазақстандық спортшының жарыста киген аяқкиімін тексерген. Нақтырақ айтқанда, оның жарыста қолдануға рұқсат етілген аяқкиімдер тізіміне кіретін-кірмейтіні қаралды.

Back to top button