Абай облысында алтын өндіреміз деп топырақ қабатын бүлдірген топ ұсталды
Құқық қорғау органдары өкілдерінің Жарма ауданында жүргізген жедел іс-шаралары нәтижесінде заңсыз кен өндіруге қатысы бар тоғыз адам анықталған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Кенді ашық әдіспен қазған
Ресми ақпаратпен Қаржылық мониторинг агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті өкілдері бөлісті. Мәлім болғандай, күдікті топ Жаңғызтөбе кентінен шамамен 10 шақырым қашықтықта тиісті рұқсат құжаттары жоқ бола тұра алтын өндірген.
Олар құрамында алтыны бар кенді ашық әдіспен қазып алып, кейін арнайы жабдықтар көмегімен шайған. Сөйтіп, заңсыз кен өндіру жүйелі түрде жүргізіліп отырды.
Аумақты тексеру барысында тереңдігі 15 метрге жететін карьер анықталды. Ал заңсыз қазылған тау жыныстарының көлемі 12 мың текше метрден асқан, – деді ҚМА ресми Ернар Тайжан.
Бұдан бөлек, кен өндіру жұмыстары салдарынан 4 мың шаршы метрден астам аумақтағы құнарлы топырақ қабаты бүлінген.
Тергеу жалғасып жатыр
Жедел-іздестіру шаралары барысында заңсыз алтын өндіруге қатысы бар тоғыз адам анықталды.
Оқиға орнынан кенді ұсақтап, шаюға арналған жабдықтар, құрамында алтыны бар жеті қап материал, екі метал іздегіш құрал, екі тиегіш пен бір экскаватор тәркіленді, – делінген ҚМА мәліметінде.
Қазір аталған дерек бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етілмеді.