Үш өңірде тұрғындар жылуға шағымданды: Бектенов шұғыл шара қабылдауды тапсырды
Қазақстанда жылыту маусымы барлық өңірде басталғанымен, кейбір қалаларда тұрғындар жылудың сапасына наразылық білдіріп, шағым түсіріп жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Ақтау, Павлодар және Петропавлдағы жағдайға назар аударып, әкімдерге нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Үш қаладан шағым түскен
Үкімет басшысының айтуынша, биыл жазда еліміздегі жылу және электр желілерін жөндеу, энергетикалық жабдықтарды жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Барлық өңірде жылыту маусымы басталып, тұтынушыларға жылу бекітілген кестеге сәйкес берілген. Алайда кейбір қалаларда тұрғындар жылудың жеткіліксіздігіне немесе мүлде берілмеуіне байланысты шағымданған.
Бірақ жылудың сапасына наразы немесе жылусыз қалған тұрғындар тарапынан шағымдар да келіп түсуде. Олардың ішінде Ақтау, Павлодар және Петропавл тұрғындары бар. Өңір әкімдеріне жылу беру маусымына жауапты өңірлік штабтардың жұмысын күшейтіп, халықтың арыз-шағымдарына жедел әрекет етуді тапсырамын. Қыс айларындағы жұмыстарға авариялық бригадалар мен арнайы техниканы толық жұмылдыру қажет.
Олжас Бектенов өңір әкімдіктеріне жылыту маусымы кезінде туындайтын мәселелерді жедел шешуді, авариялық қызметтердің дайындығын қамтамасыз етуді және халыққа қажетті көмірдің тұрақты бағамен қолжетімді болуын бақылауды тапсырды. Сонымен қатар Энергетика министрлігі мен әкімдіктер энергия көздеріндегі жөндеу жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес аяқтап, қажетті жабдықтардың резервін қалыптастыруға тиіс. Премьер-министр тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтіп, әсіресе әлеуметтік нысандарға ерекше көңіл бөлуді талап етті.
Энергетика саласындағы маман тапшылығын шешу тапсырылды
Үкімет отырысында энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және саладағы кадр тапшылығы мәселесі де көтерілді. Бектенов Мемлекет басшысының жаңа электр станциялары мен электр желілерін салу, қолданыстағы нысандарды жаңарту, таза көмір генерациясы мен жаңартылатын энергия көздерін дамыту жөніндегі тапсырмаларын еске салды. Оның айтуынша, энергетика нысандарын жөндеу мен жаңғыртуға қомақты қаражат бөлініп жатыр. Алайда инфрақұрылымды дамыту үшін білікті мамандар даярлау ісін де қатар күшейту қажет.
Премьер-министр әсіресе атом энергетикасының дамуын ескере отырып, кәсіби кадрлардың сабақтастығын қамтамасыз етуге, практикалық дағдыларды жетілдіруге және саланың тұрақты кадрлық резервін қалыптастыруға назар аударды. Осыған байланысты Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту және Энергетика министрліктеріне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы маман тапшылығын шешуге бағытталған нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жалпы үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.