TOP-1Тергеу

«42 күн бойы ешкім хабарласпады»: Ақтөбеде көз жұмған студенттің анасы жанайқайын жеткізді

Ақтөбеде колледж жатақханасының төртінші қабатынан құлап, көз жұмған 16 жастағы Нұрбақыт Бақыттың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға биыл 29 сәуірде Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында болған. Тергеу нұсқасы бойынша, төртінші курс студенті Мәди Сүгербай 16 жастағы Нұрбақыт Бақытты терезеден түсіп, дүкенге баруға мәжбүрлеген.

Жасөспірім төсек жаймаларын бір-біріне байлап жасалған арқанмен төртінші қабаттан төмен түспек болған кезде құлап, ауыр жарақат алған. Ол ауруханада 42 күн бойы ес-түссіз жатып, кейін көз жұмды.

«Баламды оларға сеніп тапсырдым»

9 қарашадағы сот отырысында марқұмның анасы Күлайым Қолова қайғылы оқиғаның мән-жайына қатысты өз ұстанымын білдірді. Оның айтуынша, жатақхана қызметкерлері бастапқыда ұлының тамақ іздеп, терезеден өздігінен түспек болғанын айтқан. Алайда анасы бұл түсініктемеге сенбейтінін жеткізді.

«Жатақханаға барып, не болғанын сұрағанымда, балам тамақ іздеп, өзі терезеден шығып кеткенін айтты. Бірақ мен бұған сенбедім. Себебі сол күні кешкі сағат 18:30 шамасында балам тамақ алуға ақша сұрады. Ақшасын жібердік. Тіпті видеоқоңырау арқылы сөйлесіп, қандай тамақ алғанын да көрсетті. Әділ сот болуын талап етемін. Менің баламнан бес жас үлкен студент оны қорқытып, жұмсаған», – деді Күлайым Қолова.

Марқұмның анасы қайғылы жағдайға тек айыпталушы емес, білім беру мекемесінің басшылығы мен жатақхана қызметкерлері де жауап беруі керек деп есептейді.

«Жатақхана қызметкерлеріне де ренішім бар. Мен баламды оларға сеніп тапсырдым. Олар балаларға қарауға міндетті еді. Балам комада жатқанда, бір аптадан кейін оның чемоданын жатақханадан шығарып тастаған», – деді ол.

Күлайым Қолова айыпталушы тараптың осы уақытқа дейін кешірім сұрап, көңіл айтуға келмегенін де мәлімдеді.

«Ешкім кешірім сұрап, көңіл айтуға келген жоқ. Қазақпыз ғой, ең болмаса “Қазаның арты қайырлы болсын” деген бір ауыз сөз айтуға болатын еді. Балам ауруханада 42 күн жатқанда, “Балаң қалай?” деп бір адам хабарласпады», – деді марқұмның анасы.

Оның айтуынша, Нұрбақыт отбасындағы бес баланың үшіншісі болған.

Куәгер не дейді

Сот барысында оқиға кезінде жатақхана бөлмесінде болған студенттердің бірінің тергеу кезінде берген жауабы бейнежазба арқылы көрсетілді. Куәгер жоғары курс студенттерінен қорыққанын айтқан. Оның сөзінше, студенттер төсек жаймаларын бір-біріне байлап, терезеден төмен түспек болған. Нұрбақыт құлағаннан кейін куәгер терезеден қарап, оны дауыстап шақырған. Сол кезде төменде жатқан жасөспірімнің қырылдаған дауысын естігенін жеткізген. Бұл іс бойынша төртінші курс студенті Мәди Сүгербайға Қылмыстық кодекстің 119-бабының 3-бөлігі (қауіпті жағдайда қалдыру салдарынан адамның абайсызда қайтыс болуы) және 104-бабының 1-бөлігі (абайсызда қазаға ұшырату) бойынша айып тағылған.

Алайда сотталушы өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Айыпталушының анасы Бақытжамал Шабаева да ұлының кінәсі дәлелденбегенін айтып, тағылған айыппен келіспейтінін білдірді.

«Менің балам кінәлі емес. Ол ешкімді ұрып-соққан жоқ. Бар кінәні менің балама аударып жатыр. Маған да оңай емес. Ең басында көңіл айтуға барғанда бізді қуып жіберді. Сот әлі жүріп жатыр, ештеңе дәлелденген жоқ», – деді ол.

Қазіргі уақытта сотта қылмыстық іс материалдары зерттеліп жатыр. Айыпталушының кінәсіне қатысты түпкілікті шешім шығарылған жоқ.

Back to top button