Шымкенттегі қызметтен кеткен Берденов Қытайда бой көрсетті

Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Берденов Қасым-Жомарт Тоқаевтың делегациясымен бірге Бейжіңде көзге түсті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Руслан Берденовтің Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен қатар тұрған суретін Respublica партиясының тең төрағасы, кәсіпкер Сырымбек Тау әлеуметтік желіде жариялап, астына «Бейжің, 02/09/2025» деп жазды.
Өткен аптада Берденов ресми түрде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметінен кеткен еді. Күні кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы алдында оның партияласы Айдарбек Қожаназаров оның тең төрағалықтан кеткенін, алайда партия мүшесі болып қала беретінін, емделіп жатқанын жеткізген. Алайда араға бірнеше күн салып-ақ Берденов президентті Қытайға ертіп барған жоғары лауазымды шенеуніктер мен кәсіпкерлердің ортасынан табылды.
ҚЫЛМЫС ПЕН ҮКІМ
«Республика» партиясының мүшесі Руслан Берденов биыл жыл басында Шымкентке әкімнің орынбасары қызметіне барған. Алайда ол қызметті Берденов көп атқара алған жоқ. Биыл көктемде «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның бұрынғы директоры Жиембай әкімдік ғимараты алдында оны мылтықпен бірнеше рет атқан. Жанжалдың түп-төркіні қызғаныш пен ар-намыс мәселесіне байланысты шыққан деген нұсқа тарағанымен Руслан Берденов жоққа шығарады. Айыпталушының сөзіне сенсек, Берденов оның әйелінің телефонына жеке хабарламалар жіберген. «Сен сұлусың» деген сияқты сөздер және әлеуметтік желідегі парақшасына лайк басқан. Жиембайдың сөзінше, Берденов одан Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековке қарсы жалған айғақ беруді сұраған.
Сотта Руслан Берденов атыс сәтін егжей-тегжейлі сипаттап берді. Оның айтуынша, алғашқы оқ көліктің капотын тесіп өткен, одан кейін тағы төрт рет оқ атылып, бәрі өзіне тиген. Ол көліктің екінші жағына тығылып үлгергенімен, айыпталушы жақындап келіп, қаруды қайта оқтауға әрекеттенгенін мәлімдеді. Руслан Берденов Ернар Жиембайдың әйелін танымайтынын мәлімдеді. Сотта айыпталушыға қарата «еркек болсаң әйеліңді бұл іске араластырмас едің» деді. Берденовтің сөзінше, Жиембай өз міндетіне алған шаруаны адал атқармай, есебін ұсына алмаған. Кикілжің сол үшін туындаған.
Ернар Жиембай адам өлтіру пиғылы болмағанын айтып, сотта бірнеше рет кешірім сұрады. Қорғаушы тарап мұны алдын ала жоспарланбаған, ар-намысқа тиген сөздерден туған қақтығыс деп сипаттап, 63-бап аясында шартты жаза қолдануды немесе бас бостандығынан айырмауды сұраған еді.
Сот үкімімен Жиембай 9 жылға бас бостандығынан айырылды.