Ресейлік спортшы АҚШ визасын алу үшін Қазақстанға келетін болды
Мәнерлеп сырғанаудан Ресейдің үш дүркін чемпионы Аделия Петросян АҚШ визасын рәсімдеуді аяқтау үшін Қазақстанға тағы бір рет баруы керектігін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz ТАСС-қа сілтеме жасап.
Төлқұжаты қайтарылмаған
Ол бұл туралы журналистерге берген сұхбатында айтты. 19 жастағы Петросян алда АҚШ жерінде өтетін мәнерлеп сырғанаудан Гран-при кезеңіне қатысуды жоспарлап отыр. Алайда жарысқа бару үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу әлі толық аяқталмаған.
Спортшының сөзінше, виза беру туралы шешім мақұлданып қойды.
«Жай ғана төлқұжатымды алып қалды. Виза мақұлданғанын айтты, бірақ оны әлі жапсырмаған. Осы себепті Қазақстанға тағы бір рет баруым керек болады», – деді ол БАҚ өкілдеріне.
Гран-при кезеңінде бақ сынайды
Мәнерлеп сырғанаудан халықаралық Гран-при сериясының АҚШ-тағы кезеңі 13-15 қараша аралығында Эверетт қаласында өтеді.
Айта кетейік, биылғы ақпанда Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарында Адэлия Петросян әйелдер арасындағы жекелей сырғанауда алтыншы орын алған болатын.
Ал биылғы маусымда ресейлік спортшы Грузияда ұйымдастырылған «Челленджер» сериясындағы турнирде күміс жүлдеге ие болды.