Жаңалықтар

Абайда ер адам әйеліне 20-дан астам рет пышақ сұққан: полиция іс қозғады

Қарағанды облысының Абай қаласында 34 жастағы ер адам өз әйеліне пышақпен шабуыл жасады. Жарақат алған 28 жастағы әйел ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Әлеуметтік желілерде Абай қаласында ер адамның әйеліне 20-дан астам рет пышақ сұққаны туралы ақпарат тарады. Қарағанды облыстық полиция департаменті оқиғаның болғанын растады. Алайда ведомство әйелдің нақты қанша пышақ жарақатын алғанын әзірге нақтылаған жоқ. Полиция мәліметінше, оқиға туралы хабарлама 6 қарашада жедел медициналық жәрдем диспетчерінен түскен.

«Алдын ала мәлімет бойынша, 34 жастағы ер адам мен оның жұбайының арасында сөзге келіспеушілік туындаған. Жанжал кезінде ер адам әйеліне пышақпен жарақат салған», – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Бұған дейін Ақтөбеде 26 жастағы әйелдің өлтірілгені хабарланған еді. Қылмыс жасады деген күдікке оның 31 жастағы бұрынғы күйеуі ілінді. Марқұм мен күдіктінің төрт жасар қызы қалған.

Back to top button