Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұр. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OSCE) дерегінше, ел аумағының 75%-дан астамы, яғни шамамен 214 млн гектары ауыл шаруашылығына жарамды. Алайда осындай табиғи мүмкіндікке қарамастан, Қазақстан азық-түлік импортына тәуелді елдердің қатарында қалып отыр. БҰҰ-ның сауда статистикасы бойынша, 2021 жылы елге 4,94 млрд доллардың азық-түлік өнімі импортталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 7,49 млрд долларға жеткен. Демек, бес жылда импорт көлемі 51,6% өскен.
Бүгінгі материалда Tizgin.kz осы тәуелділікті азайту үшін қолға алынған шаралардың нәтижесін талдайды.
Өндіріс көлемі артып келеді
2021 жылы елде тамақ өнімдерін өндіру көлемі шамамен 2,3 трлн теңге болса, 2025 жылдың қорытындысында 4 трлн теңгеге жуықтады. Ал 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өндіріс көлемі 3,2 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,8% өсті. Алайда жалпы өндірістің өсуі импортқа тәуелділіктің барлық бағытта азайғанын білдірмейді. Мұны жекелеген тауарлардың көрсеткіштерінен байқауға болады.
Мысалы, құс еті өндірісінде ілгерілеу бар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда отандық өндіріс 58% артып, шетелден әкелінетін құс еті 25% азайған. Соның нәтижесінде елдің құс етімен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 58%-дан 78%-ға көтерілді. 2026 жылы осы бағыттағы өндірісті одан әрі ұлғайту үшін жалпы қуаты жылына 241 мың тонна болатын сегіз ірі жоба жоспарланған.
Ал алма импортының үлесі басым. БҰҰ-ның Comtrade сауда деректеріне сенсек, Қазақстан 2021 жылы шетелден 106,1 мың тонна алма сатып алса, 2025 жылы 94,4 мың тонна импорттаған. Импорт көлемі азайғанмен, елге жыл сайын шамамен 100 мың тонна алма сырттан әкелініп отыр.
Сүт өнімдерінің де импортын алмастыру міндеті тұр. Мысалы, тек жаңа піскен және өңделмеген ірімшіктің импорты 2021 жылғы 14,1 мың тоннадан 2025 жылы 20,8 мың тоннаға дейін өскен. Осыған байланысты мемлекет сүт фермаларын салуға жеңілдетілген несие беріп жатыр. Биылғы тамыздың мәліметі бойынша, жылдық қуаты 500 мың тоннадан асатын 95 ферма салуға қаржы бөлініп, оның 71-і іске қосылған.

Бұған дейін елдегі сүт өңдейтін кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болатын. Соның салдарынан импорттың үлесі басым деген риторика көп жерде айтылып келді. Қазір мәселе басқа бағытқа ойысқан.
Қазақстан Сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников енді өңдеу кәсіпорынарына қолдауды күшейту керек деп отыр.
Сүт пен айран сияқты базалық өнімдерге деген сұраныстың 95-97 пайызын өзіміз қамтамасыз етеміз. Ал ірімшік, сары май және құрғақ сүт сияқты қосылған құны жоғары өнімдерде импортқа тәуелділік сақталып отыр. Бұл сүт фермаларын дамытумен қатар, қайта өңдеу қуаттарын да арттыру қажеттігін көрсетеді, – дейді қайымдастық өкілі.
Шикізатты ел ішінде өңдеу
Ауыл шаруашылығындағы тағы бір бағыт – дайын өнім өндірісін дамыту. 2023 жылы негізгі ауыл шаруашылығы шикізатының 35%-ы ел ішінде өңделсе, 2025 жылы бұл үлес 64%-ға жетті. 2026 жылдың соңына дейін көрсеткішті 70%-ға жеткізу жоспарланған.
Мысалы, 2025 жылы тамақ өнеркәсібінде ет консервілерін өндіру 43%, жарма өндірісі 28,7%, сары май өндірісі 24,8% өсті. Ал 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында өсімдік майының өндірісі 25,2% артып, 828 мың тоннаға жетті.
Өңделген өнім экспортын ұлғайту да осы саясаттың бір бөлігі. 2025 жылы агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты 7 млрд доллардан асып, оның ішінде өңделген өнім экспорты 3,6 млрд доллар болған.
Сөз басында 2021-2025 жылдары азық-түлік импортының көлемі ақшаға шаққанда 4,94 млрд доллардан 7,49 млрд долларға дейін өскенін айттық. Елде өндіріс көлемі ратып жатса, импорт неге зазаймай тұр? Өйткені агроөнеркәсіп кешенінің нәтижесін тек өндірілген өнім көлемімен емес, сырттан сатып алынатын азық-түліктің азаюымен де бағалау қажет.