ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенті белгісіз жағдайда көз жұмды

Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқитын бірінші курс студенті көз жұмды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлады Алматы қаласының полиция департаменті Tizgin.kz редакциясына берген жауабында.
Қайғылы оқиға 6 қараша күні кеште студенттер қалашығында болған. Марқұм Шымкенттен Алматыға білім алу үшін келген.
Оқиғадан кейін кампусты полиция қызметкерлері мен университет өкілдері тексерді. Ulysmedia.kz дереккөзінің сөзінше, сол түні жатақхана тұрғындарына балконға және өз бөлмелерінен шығуға тыйым салынған. Сондай-ақ студенттерден чатта бұл жағдайға қатысты хабарламарды өшіру сұралған.
Студенттер арасында қыздың өзіне қол жұмсауы мүмкін деген болжам бар. Қайғылы оқиғаның нақты себебі әзірге белгісіз.
«Адам өлімі дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеруге қатысты мәлімет жария етілмейді», – делінген полиция департаментінің мәлімдемесінде.